Туған жерін түлеткен тұлғалар
Жетікөл ауылы – тарихы терең мекен. Жайсаң мінезді адамдары ауылдың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан. Туған жер топырағынан жыраққа кетпей, бар ғұмырын ауылдың жандануына арнаған азаматтар баршылық. Олар еңбегінің өтеуін сұрамайды. Олар ұрпағымен көктеп-көгеріп, мәуелі бәйтерекке айналған жандар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Туған жерін түлеткен тұлғалар» тақырыбында еңбек адамдарымен кездесу кеші өткізілді.
Танымдық кештің кейіпкерлері – қажырлы қайратымен көпшілік алғысына бөленген ауыл тұрғындары. Мәселен, ұзақ жылдар бойы халық баласын оқытуда алдына жан салмаған ардагер-ұстаз Айшара Оспанова, ауыл шаруашылығы саласында түрлі техниканы тізгіндеген Мырзахмет Қожахметов, сауыншылықты қыз күнінен жанына серік еткен Сайлаукүл Жұмабаева, төрт түлекті түлетіп, мал шаруашылығына еңбегі сіңген Мәлкаждар Бердібеков, бір жылдары автолавкада меңгеруші, ауылдық кеңесте хатшы қызметін атқарған Қайырғали Алиев, аядай ғана ауылда ветеринария саласын дөңгелеткен Клян Мұқашева, жүздеген көліктің жөйткіп жүруіне себепкер болған Ералы Алтынбековтің елеулі еңбегі бағаланды.
Кеш барысында ауыл еңбеккерлерінің өмір жолы көпшілікке дәріптелді. Бейнеттің зейнетін көрген әрбір ардагер ел игілігі жолында қызмет етуде мән-мағынаға толы естеліктерін айтып берді.
– Ауылымыздың азаматтары барлық құрметке лайық. Ұрпақтар сабақтастығын жалғастырған кейінгі буынға үлгі-өнеге көрсетуіміз керек. Өз уақытында қызметімен елге танылған жандардың есімін көпке таныту құптарлық жағдай. Ардақты азамат пен аяулы аналар талай қиындықты еңсерді. Буыны бекімеген балаларға білім берген, ауыл шаруашылығы саласында жүріп, ұйқысыз түндер өткерген ардагерлер арамызда отыр. Осыған дейін еткен еңбектерін жан баласына міндет қылмай, ел абыройын көтере білді. Біз оларға алғыс айтып, құрмет көрсетуге тиіспіз. Алдағы уақытта да Жетікөл ауылының гүлденуіне қызмет ететін туған жер түлектерінің еңбегі елене берсін, – дейді ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы Жарылқасын Камалов.
Тарих беттерінде өткен күннің естеліктері жаңғыра бермек. «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» деген қазақта мақал бар. Алғаусыз алғысқа бөленген жандардың құрметіне ауыл өнерпаздары туған жер жайлы және патриоттық әндер шырқады. Сонымен бірге, кеш қонақтарына арнайы сый-сияпат ұсынылды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ