44 отбасы баспаналы болады
Газетіміздің өткен санында хабарлағанЫМЫЗдай, аудан әкімі М.Ергешбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттердің ауданда орындалуы жөнінде журналистерге брифинг өткізді. Баспасөз мәжілісінде аудан басшысы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, салалардың даму көрсеткішін саралады. брифингке республикалық, облыстық телеарналар мен БАҚ өкілдері қатысты.
– Биыл осы күнге дейінгі есептік көрсеткіштер бойынша ауданда көптеген жұмыстар жоғары нәтижемен орындалуда. Әлемді жаулаған індет, оның салдары біздің ауданды да айналып өтпеді. Ауданның экономикасына елеулі әсер етті. Су тапшылығы да біраз шаруаларымызға қиындықтар келтірді. Дегенмен, елдің бірлігі мен шаруалардың тынымсыз тірлігінің арқасында және тиімді мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуымен пандемиядан кейінгі экономикамызды тұрақтандыруға қол жеткіздік, – деген аудан әкімі негізгі көрсеткіштерге тоқталды.
Жалпы, биылға арналған аудандық бюджет 12,6 млрд теңгені құраса, оның 63 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған. Аудан экономикасына тікелей ықпал жасайтын өнеркәсіп саласында оң динамика қалыптасқан. Есепті кезеңде ауданның өнеркәсіп кәсіпорындары 7 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өңдеу саласында өнім өндіру өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 60 пайызға артып отыр.
Ал жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласының барлық бағытында өсім бар. Жалпы өнім көлемі 20 млрд теңгені құрады. Биыл ауданда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 33220 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды. Оның ішінде, аудан бойынша барлығы 134 мың тонна Сыр салысы қамбаға құйылды. Бүгінде Ресей, Әзербайжан, Моңғолия, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттеріне 1,7 мың тонна ақ күріш экспортталған. Егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығы саласы бойынша да көрсеткіштер артығымен орындалып отырғанын атаған аудан басшысы азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты күріш, ет, сүт, картоп өнімдерімен аудан өз-өзін толықтай және Қызылорда қаласын ішінара қамтамасыз етіп отырғанын атап көрсетті.
– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елдегі фермерлерге өздері өндірген өнімдерін артық шығынсыз және ешбір кедергісіз саудалауға мейлінше көмектесу мақсатында ауданда «Егістіктен дүкенге дейін» пилоттық жобасы қарқынды дамуда. Осы пилоттық жоба аясында Бесарық және Іңкәрдария ауылдарында ауылшаруашылық кооперативтерін жандандыру жұмыстары басталуда. Бүгінгі күні жергілікті жерге қолайлы картоп тұқымын егу үшін «Ы.Жахаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ғалымдарымен бірлесіп, зерттеу жасалуда. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін бір нүктеден сататын дүкен ашу үшін Қызылорда қаласынан 5 жер учаскесі сұратылуда. Бұл егіс алаңынан жеткізілген өнімдерді халыққа қолжетімді бағада ұсыну үшін қолданылады, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Ауданда кәсіпкерлікті дамыту бағытында серпінді жұмыс бар. Есепті кезеңде мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 2,4 млрд теңгені құрайтын 500-ге жуық жобаға қаржылай қолдау көрсетіліп, 450-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл ретте, сырдариялықтар «Бизнестің жол картасы 2025», «Микробизнес-Қызылорда», «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» секілді бағдарламалардың игілігін көрген. Осының негізінде бүгінгі таңда аудан бойынша 2611 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, оның ішінде жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2434-ті құрайды. Жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің тіркелгендерге үлесі 93,2 пайыз. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға өскенін көрсетеді.
Брифингте аудан басшысы тұрғындарды баспанамен қамту мәселесіне де тоқталды. Ауданда тұрғындарды баспанамен қамту бағытында осы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 11 елді мекенде 33 тұрғын үй құрылысын жалғастыруға және аз қамтылған көпбалалы отбасыларына 10 тұрғын жайын сатып алуға қаржы бөлініп, жұмыстар аяқталған. Соның нәтижесінде, мемлекет есебінен 44 отбасы баспаналы болады деп жоспарлануда.
Одан бөлек, ауданда ауыз су мәселесі толығымен шешілгенінен жұртшылық жақсы хабардар. Сондай-ақ, жол жөндеу жұмыстары да жоспарлы жүргізіліп, аудандық маңызы бар жақсы жолдардың үлесі 92 пайызға жеткен.
Баспасөз мәжілісінде аудан әкімі М.Ергешбаев өзекті мәселе – электр жарығына қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды да атап өтті. Бүгінде ауданға қарасты елді мекендердің электр желілерінің 70 пайызының тозығы жетіп тұр. «КРЭК» акционерлік қоғамының жарғылық капиталын ұлғайту арқылы ұсынылатын жобалар қатарына ауданнан электр желілерін шұғыл жаңғыртуды қажет ететін Шаған, Аманкелді, Қоғалыкөл, А.Тоқмағамбетов ауылдарына 744,2 млн теңгеге жоба ұсынылды. Алғашқы кезеңде жаңғырту жұмыстарын Қоғалыкөл мен Аманкелді ауылдарында жүргізу жоспарлануда.
Ауданда көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда Тереңөзек кентінде 36 әлеуметтік нысан мен 1350 тұрғын үй табиғи газға қосылған, яғни бүгінде көрсеткіш 70 пайызға жеткен.
Басқа салалардағы жұмыстарды атап өткен аудан басшысы алдағы жылы құны 3,2 млрд теңгені құрайтын 21 жобаны жүзеге асыру мақсатында облыстық тиісті басқармаларға өтінім жолданғанын жеткізді. Келер жылға жоспарлар көптігін айтқан аудан әкімі брифингте журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ