Егін егу маусымына дайындық барысы пысықталды
Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, су тапшылығы жағдайында алдағы егін егу маусымына дайындық барысы жан-жақты талқыланды. Мәжіліске «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» ЖШС директоры Шухрат Құрбанов және шаруа қожалықтары құрылымдарының жетекшілері қатысты.Аудан басшысы суармалы сумен қамтамасыз ету, алдағы маусымда су тапшылығының болатынын ескерте отырып, егіс құрылымын қайта қарау мәселелерін атап өтті. Атап айтқанда, күріш алқаптарын қысқартып, су аз қажет ететін жүгері, мақсары және өзге де балама дақылдарға кезең-кезеңімен көшу бағыттарына тоқталды. Бұл жұмыстар аграрлық саланың тұрақтылығын сақтауға және су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретінін айтты. Осы бағытта ауданда жүгері дақылын терең өңдейтін зауыт құрылысы салынатынын, қазір жұмыстар басталғанын жеткізді.
Мәжіліс барысында “Қызылорда крахмал-сірне зауыты” серіктестігінің директоры Ш.Құрбанов “Жүгері дақылын терең өңдеу зауытын салу” жобасы туралы түсіндіріп өтті. Жобаның жалпы құны - 40 миллиард теңге. Жоба толық іске қосылған кезде 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Өндіріс орны суды аз қажет ететін жүгері дақылын еккен шаруашылықтардың өнімін толық қабылдайтын болады. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің өңделу деңгейін арттырып, отандық өнім көлемін көбейтуге және экспорттық әлеуетті нығайтуға мүмкіндік береді.
Мәжіліс барысында шаруашылық құрылымдарының өкілдері өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Аудан әкімі бірлесе жұмыс жасауды, алдағы егін маусымына дайындықты сапалы жүргізу керектігін атады.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі










