Табиғатты қорғау саласында татымды тірлік бар
Қызылорда облысында ұзындығы 16,1 мың шақырымды құрайтын суару жүйелері бар. Оның ішінде 2,3 мың шақырым магистралды және шаруашылықаралық каналдар республикалық меншікте, 1,3 мың шақырым каналдар - Арна коммуналдық мемлекеттік мекемесі теңгерімінде, ал 12,5 мың шақырым ішкі шаруашылық каналдар аудан және қала әкімдіктерінің қарауында.Самарқанд қаласында өткен Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында Шардара су қоймасына вегетациялық кезеңде 3,7 млрд текше метр су түсетіні келісілгенімен, нақты 2,5 млрд текше метр ғана түсіп, жоспар 67,6 пайыз орындалған. , Осы жағдайға байланысты биыл облыс бойынша вегетациялық кезең күрделі өтті. Бұл туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Еркебай мәлімдеді.
- Мемлекет басшысы Жолдауында «ирригация жүйелері мен жалпы су шаруашылығы мәселесіне мұқият көңіл бөлу, көктемгі қарғын суды жинап, диқандар қажетіне жарату үшін гидрологиялық бекеттерді жөндеп, жаңғырту» қажеттігін тапсырған болатын. Осы бағытта облыста бірқатар жұмыстар атқарылуда. Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына облыстан 112 жоба ұсынылды. Сонымен қатар, Ислам даму банкі қаржысы есебінен бірінші кезекте күрделі жөндеуді талап ететін 8 жоба жолданды. Биыл облыстық деңгейде 100 мың гектар алқапқа сексеуіл егу көзделген. Оның ішінде 15 мың гектарға көшет отырғызу, 85 мың гектарға 357 тонна галофитті тұқым араластырып себу жоспарланған. Қазіргі уақытта 15 мың гектарға 4,5 млн дана сексеуіл көшеті отырғызылды. Сондай-ақ 85 мың гектар алқапқа қажетті 71,4 тонна сексеуіл тұқымы толық жиналып, олар Республикалық орман селекциялық-тұқым өсіру орталығының Оңтүстік-батыс аймақтық филиалында өну сапасына тексерістен өтті,- деді Ғалымжан Бақтығалиұлы.
Биыл орман шаруашылығы мекемелері мемлекеттік қызмет көрсету аясында ағаш кесу және орман билеттерін беру бойынша 605 жеке және заңды тұлғаға рұқсат оформлеп, облыстық бюджетке 17,2 млн теңге түсірді. Сонымен қатар, балық шаруашылығында да оң динамика байқалады. Басқармасы басшысы балық шаруашылығында атқарылған жұмыстарды да тізбектеп берді.
- 2025 жылдың 11 айында 2 028,7 тонна балық өнімі 8 шет мемлекетке экспортталды. Бүгінде облыста 11 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді, оның 4-еуінде Еуропалық Одаққа экспорттауға мүмкіндік беретін «Еврокод» нөмірлері бар. Экспортталатын негізгі балық түрлері: тыран, торта, алабұға, шортан, көксерке. 15 ақпаннан бастап 2026 жылдың 15 ақпанына дейінгі кезеңге Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қызылорда облысына 107 390 дана жануарлар дүниесін пайдалану лимитін бекітті. Оның ішінде жануарлардың 6 түріне - 28 518 дана, құстардың 7 түріне - 78 872 дана бойынша аң аулауға рұқсат берілген, - деді Ғалымжан Бақтығалиұлы.










