Нақты мақсат – серпінді даму
Мемлекет басшысы Жолдауынан туындаған міндеттердің орындалу барысына орай аудан әкімі Талғат Дүйсебаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты брифинг өткізді. Аудан басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, биылғы межені атап өтті.
– 2020 жылғы аудан дамуының негізгі бағыттары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауына сәйкес белгіленді. Онда пандемияға қарамастан азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға басымдық берілді. Сондай-ақ жаңа жағдайдағы экономикалық дамуға серпін жасалды, – деген аудан басшысы салалар жұмысын саралады.
Ауданның дамуы бюджеттің ұлғайып, салық түсімдерінің орындалуымен тығыз байланысты болса, өткен жылы аудан бюджетінің түсімдер болжамы нақты 101,7 пайызға орындалған. Ал салықтық емес түсімдер 222,0 пайызға, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 134,3 пайызға орындалып отыр. Биылға бекітілген аудан бюджетінің көлемі – 10 млрд. 896,5 млн. теңге. Оның негізгі шығындарын, яғни 77 пайызын әлеуметтік салаға бағыттау көзделген.
2020 жылы аудан экономикасына тікелей ықпал жасайтын өнеркәсіп саласында оң динамика қалыптасқан. Ауданның өнеркәсіп кәсіпорындарында өнім өндіру 51,1 пайызға, ал өңдеу саласында өнім өндіру 38,6 пайызға артқан. Сонымен қатар былтырғы жылы аудан экономикасына 36 млрд. теңге инвестиция тартылып, 7 млрд. теңгеден астам құрылыс жұмыстары атқарылыпты.
Өткен жылғы қиыншылықтарға қарамастан ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 16,3 млрд. теңгені құрап, 1,8 пайызға ұлғайған. Карантиндік шектеулер мен су тапшылығы орын алса да аудан диқандары 21 мыңнан астам гектарға күріш дақылын орналастырып, әр гектарынан орташа 63,5 центнерден, барлығы 135 мың тонна астық жинап, рекордтық өнімге қол жеткізді.
Биыл су тапшылығы өткен жылға қарағанда еселенеді деген қауіп бар. Соған байланысты суды аз қажет ететін майлы, көкөніс-бақша, мал азығы дақылдарына басымдық берілмек. Осы мақсатта Іңкәрдария ауылында 10 гектар жерге заманауи технологияларды пайдаланып, бақша дақылдарының тұқымын өндіру және өсіру жүзеге асырылады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын әртараптандыруды жандандыру мақсатында қаржы бөлініп, Тереңөзек кенті, А.Тоқмағамбетов және Қоғалыкөл ауылдық округтерінен 18,5 гектар жер учаскесі аграрлық-индустриалдық аймақ болып белгіленген.
Елді мекендерге аяқ суды жеткізе отырып, Мемлекет басшысының елді мекендерде 15 млн. ағаш отырғызу тапсырмасына сәйкес аудан аумағында алдағы 5 жылда 60 гектардан астам жерге 84 мың түп ағаш егу жоспары да бар.
Экономиканы өркендетудің бірден-бір жолы кәсіпкерлікті дамыту екені анық. Қазіргі нарықтық экономика кезеңінде елімізде кәсіп ашуға мол мүмкіндіктер жасалуда. Өткен жылы ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10,9 пайызға, ал жұмыс жасайтын субъектілердің саны 10,2 пайызға өскен. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту аясында мемлекеттік бағдарламалар арқылы өткен жылы 1,5 млрд. теңгенің 538 жобасы қаржыландырылып, 540 жаңа жұмыс орны құрылған. Ал облыстың экономикалық даму жоспарын іске асырудың Жол картасына аудан бойынша 6 жоба енгізіліп отыр.
Кәсіпкерлік бағытта аудан орталығында «Аққұм Жер» серіктестігі құны 80 млн. теңгені құрайтын «Ұн шығаратын зауыт» жобасын іске асыруда. Бүгінгі күні аталған жобаның құрылыс жұмыстары толық аяқталып, Қостанай облысынан шикізат күтілуде.
Аудан басшысы халықты баспанамен қамтамасыз ету күн тәртібінен түспейтінін атап көрсетті. Бұл бағытта ауданда ауқымды жұмыстар атқарылуда.
– Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» аясында Тереңөзек кентінде көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеріп, аймақ басшысы Жаңа жыл қарсаңында 42 отбасыға баспана кілтін салтанатты түрде табыс етті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, тағы да көпқабатты 2 тұрғын үй салу жоспарлануда. Оған қоса, осы жылы республикалық бюджеттен 12 елді мекенде 35 тұрғын үй құрылысын жалғастыруға және аз қамтылған көпбалалы отбасыларына 10 тұрғын жайын сатып алуға қаржы бөлініп отыр. Жалпы, биылғы жылы мемлекет есебінен 81 отбасы баспаналы болады деген жоспар бар, – деді аудан әкімі Талғат Тұрсынұлы.
Мұнан соң аудандағы инфрақұрылымдық жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, ауданда халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету толығымен шешілген. Жол мәселесі де кезең-кезеңімен жақсарып келеді.
Негізінен, аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 494 шақырымды құрайды. Ауданның жолдар желісін дамытуға өткен жылы республикалық және жергілікті бюджеттен барлығы 2,6 млрд. теңге қаржы бағытталған. Аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелерінің 70,1 шақырымы, яғни 51 жол және көшелер жөндеуден өткізілген. Нәтижесінде, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының үлесі 92 пайызға жетсе, ішкі жолдардың 83 пайызы асфальтталған.
Ал биыл ауданда 19,7 шақырым жол орташа жөндеуден, 2 шақырым жол күрделі жөндеуден өткізілмек. Елді мекендерде 3,37 шақырымды құрайтын 4 көше жөндеуден өтеді.
Биылдан бастап аудан орталығы көгілдір отынға қосылды. Мұны тұрғындар көптен күтті. Қазіргі таңда тұрғын үйлерге газ кіргізу қызметтерін аудан орталығында 5 кәсіпкер атқаруда. Бүгінде 292 тұрғын үй және 8 әлеуметтік нысан газдың игілігін көруде. Ендігі кезекте Тереңөзек кентін газдандыру жобасынан қалып кеткен және жаңадан салынған тұрғын үйлерге газ құбырын жеткізу жұмыстары жүргізілуде екен. Сондай-ақ А.Тоқмағамбетов, Қалжан ахун, С.Сейфуллин, Шаған елді мекендеріне жүргізілетін газ құбырлары және кварталішілік газ құбырлары желісі құрылысының» жобалық сметалық құжаттарын әзірлеуге жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, бүгінде мемлекеттік сатып алу жұмыстары атқарылуда.
Брифингте аудан әкімі халықты жұмыспен қамту, білім, денсаулық, мәдениет, спорт, жастар саясаты мен қоғамдық қауіпсіздік салаларындағы атқарылған жұмыстарды атап өтті. Сонымен бірге қауіпті індетке қарсы күрес жүргізу үшін екпе егу жұмыстары жөнінде ақпарат берді. Ауданда коронавирус инфекциясына қарсы «Спутник V» екпесін салу жұмысы 9 наурызда басталды. Ресейлік бірінші, екінші типтік вакцинасының 200 дозасы жеткізіліп, аудан әкімі бастап ерікті түрде екпе салдырды. Бүгінде бірінші типтік екпенің 100 дозасы толығымен салынып біткен. Жалпы, аудан бойынша 2021 жылға коронавирус инфекциясына қарсы бірінші кезекте 1481 тұрғын егілуге жоспарланып отыр. Олардың қатарында медицина, халықпен тығыз жұмыс жасайтын мекеме қызметкерлері бар.
Баспасөз мәжілісінде аудан басшысы аудандағы жер мәселесіне де тоқталып өтті.
– Ауданда қоғамдық-саяси ахуал тұрақты сипатталады. Дегенмен бүгінгі таңда аудан бойынша жер мәселесі өзекті болып отыр. Ауданға қарасты Шаған, Қоғалыкөл, А.Тоқмағамбетов елді мекендерінде егістік және жайылымдық жер үлестерін шаруашылықтан бөліп алуға қатысты сот процестері жүргізілуде. Бұл мәселе бойынша аудан әкімдігі, облыстық және аудандық прокуратура, облыстық жер басқармасының қатысуымен бірнеше рет қолданыстағы заңдылықтар аясында түсіндірме берілді. Бұған қатысты барлық мәселе қолданыстағы заң талаптарына сәйкес жүргізіледі, – деді аудан әкімі Талғат Тұрсынұлы.
Брифингте атқарылған жұмыстарды атап өткен аудан басшысы журналистердің сауалдарына жауап берді.
Е.БЕРКІНБАЕВ