Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек – ер атандырады

Еңбек – ер атандырады

Апта ағымында Ақжарма ауылында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа» қо­ғамдық бірлестігінің қолдауымен, ауыл әкімдігі мен мәдениет үйінің ұйымдас­тыруымен «Ленин» және «Октябрь революциясы» ордендерінің иегері Тұрсын Балапанов атындағы «Еңбек – ер атандырады» тақырыбында облыстық мүшәйра өткізілді. Оған облыстық «Ұр­пақтан ұрпақ­қа» қоғамдық бірлестігінің тө­райымы Ал­ма­гүл Божанова, аудандық мәдениет жә­не тілдерді дамыту» бөлімінің басшысы Жеңіс Төралиев, ауыл әкімі Ерлан Ешмұратов, еңбек ардагерлері, ауыл тұр­ғын­дары, мүшәйра талап­керлері және даңқ­­­­­­ты майталманның ұрпақтары қатысты.

Облыстық мүшәйрада 9 ақын бақ сынады. Екі кезең бойынша өткізілген мүшәйраға ақын, республикалық жыр бәсекелерінің жеңімпазы Мамыр Бәйдәулетов, ақын, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы, мәдениет саласының ардагері Бүркітбай Мұстапаев төрелік етті. Өз кезе­гінде облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бір­лестігінің төрайымы Алмагүл Божанова сөз алып, еңбек майталманының өмір жолына тоқталды. Сонымен бірге, ауылдық және мектеп кітапханасына, Тұрсын Бала­пановтың ұрпақтарына авторлық кітаптарын тапсырды.

– Тұрсын Балапановтың есімі аудан тарихында ерекше аталады. Ауыл шаруашылығы саласында қа­жырлы еңбегімен танылған жанды ұлықтау – парыз. Осы ауданда қызмет етіп жүргенімде Тұрсекеңнің барлық жұмысына қаныққан едік. Ауданның тыныс-тіршілігін бағдарлап, аграрлық саланың өркендеуіне зор үлес қосты. Уақыт­пен санаспай техника тілін тап­қан қайраткердің табандылығы мен батылдығын ел жұрты жақсы біледі. Қытымыр қыста Сырдария өзеніне түсіп кеткен тракторды алып шығуға үлес қосты.

Бұл туралы кеңінен өзімнің «Көпір» атты кітабымда жазған болатынмын. Ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов «Мұзбалақ» поэма­­сы арқылы Тұрсын Балапановтың ерлігін бар жағынан аша түсті. Осыдан 10 жыл бұрын арнайы қоғамдық бірлестік ашып, ел еңбеккерлерін дәріптеуге, жас ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосып келеміз. Тұ­ғырлы тұлғалар жөнінде бірнеше кітап жазылды. Та­нымдық іс-шаралар барысында еңселі азаматтарымызды көпшілікке таныта білдік. Бұл ретте, облыстық мүшәйрада жазба ақындар бар шеберліктерімен Тұрсе­кеңнің бітім-болмысын аша түседі деп сенеміз, – деді Алмагүл Божанова.

Іс-шара барысында ауылдық қоғамдық кеңес тө­рағасы Құдайберген Шыманов, еңбек ардагері Айтбай Әмзеев, Қалдыгүл мен Нышанкүл Тұрсынқызы сөз алып, даңқты азамат жайлы естеліктерімен бөлісті. Қызметтес болған жылдардағы түрлі оқиғаларды баян етті. Ел үшін атқарған елеулі еңбектерін тізбектеді. Өз кезегінде ардалы азаматтың ұрпақтары аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеңіс Төралиевке естелік сыйлық тапсырды.

Өңіріміздің бірқатар аудандарынан келген ақын­дар Тұрсын Балапанов жайлы кестелі сөзбен өрнектеп, өлең шумақтарын арнады. Екінші кезеңде ҚР Тәуелсізідігінің 30 жылдығын жырға қосты. Әділ қазылардың шешімі­мен бас жүлдені қармақшылық Тұрар Бекмұрзаев, І орынды шиелілік Рахметулла Жолтаев, ІІ орынды жаңақорғандық Айман Үсенова, ІІІ орынды сыр­дария­лық Мақсұт Әбсадықов, жалағаштық Нұрхан Қарабалаев иеленді. Ал аралдық Нұрбек Сәтжанов, сырдариялық Нұртуған Бердалыұлы, жаңақорғандық Мадияр Оспан, шиелілік Талғат Күзенбаев «Алғыс хатпен» марапатталды. Барлық қатысушы бағалы сый­лық­қа ие болды.

Айта кетейік, ауылдық мәдениет үйінде суретшілер байқауы өткізіліп, қылқалам шеберлері өзара мықтыны анықтады.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
13 қараша 2021 ж. 383 0