Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмір жолы өнеге

Өмір жолы өнеге

Аудан әкімдігінің қолдауымен «Nur Otan» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында №2 «Балдәурен» бөбекжай балабақшасының құрметті ардагері, Елбасының Жарлығымен «Алтын алқа иегері» атанған абзал ана Сүлейменова Жанат Әбіләзиқызының 65 жылдық мерейтойына орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Карантин талаптары сақтала отырып өткізілген іс-шараға Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Нұртазаев Талғат Мейрамханұлы, балабақша ардагерлері мен қызметкерлері және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шарада мерейтой иесінің өмірі мен еңбек жолына арналған слайд көрсетілді. Слайдта Ж.Сүлейменованың №2 «Балдәурен» бөбекжай балабақшасының қалыптасуы мен дамуына, балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына сіңірген еңбегінен сыр шертетін фотосуреттер көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ көрермендерге қызмет пен отбасыны абыроймен қатар алып жүру арқылы ұжымдастарына сыйлы, ағайын-туысқа құрметті болған абзал жанның отбасылық өмірдегі қуанышты сәттері көрсетілді.

Аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев өмір жолы мен еңбек жолы өнегеге айналған ардақты ананы аудан әкімі М.Ергешбаевтың атынан құттықтап, иығына қазақы қамзол мен ақ орамал жауып, аудан басшысының мерейтойлық құттықтауын табыс етті. Құшағы гүлге, көңілі нұрға толған мерейтой иесінің саналы ғұмыры №2 «Балдәурен» бөбекжай балабақшасында жемісті еңбек етуге арналғанын атап өтті.

– Сізді аудан әкімінің атынан мерейлі мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіз қарапайымдылық пен кішіпейілділікті ту етіп, құт қонып, бақ дарыған үлкен әулеттің шамшырағы ретінде ұлды ұяға, қызды қияға қондырған ардақты да аяулы анасыз. Елбасының Жарлығымен «Алтын алқа» иегері атануыңыз, ұрпақтарыңыз бен немере-шөберелеріңіздің қызығын көруіңіз ұзақ жылғы еңбегіңіздің жемісі. Өсірген ұл-қыздарыңыз бүгінде егемен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының түрлі саласында жемісті еңбек етуде. Ата-ана үшін бұдан асқан бақыт жоқ. Сізді әріптестеріңіз де ардақты ардагер санап, үлгі тұтып, өнегеге толы өмір жолыңызды мақтан етеді. Сондықтан Сізді еңбегіңіздің қызығын көретін ардагерлік кезеңге зор абыроймен жетіп отыр деп айтамыз. Мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтап, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін, – деді аудан әкімінің орынбасары Талғат Мейрамханұлы.

Тағылымды іс-шарада аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары әннен шашу шашты. Ауданға белгілі әншілер, республикалық, облыстық ән байқауларының жеңімпазы Азиз Садықов пен Динара Жакешова ана туралы ән айтып, кештің шырайын кіргізді. Сонымен қатар мектепке дейінгі білім беру мекемесінің тәрбиеленушілері Мерейлім Әлиасқар, Әлинұр Асқарбек, Мәди Серікбол және Ғайни Ертай арнау тақпақтарын жатқа айтты.

Өз кезегінде №2 «Балдәурен» бөбекжай балабақшасының 1998-2018 жылдардағы меңгерушісі қызметін абыроймен атқарған, қазіргі таңда Тереңөзек кентіндегі «Айгөлек» балабақшасының меңгерушісі Күлжамал Жолдасова мен №2 «Балдәурен» бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Ақанай Шоханова да құттықтау сөз сөйлеп, бала жанының бағбаны болған аяулы жанның ғибратты ғұмыры қыз-келіншектерге үлгі-өнеге екенін атап өтті.

Күлжамал Жолдасова «Жанат Әбіләзиқызының бойында қазақ әйеліне тән тектілік, қарапайымдылық, тазалық пен адалдық қасиеттері көрініс тапқан. Ол қызмет бабында жауапкершілігі жоғары маман атанған ол ұжымды тек бірлікке, ынтымаққа үндеп, қай кезде де жақсы істердің ұйытқысы бола білді. Қазір ардагерлік кезеңге зор абыроймен жетіп отыр. Қызыға қарауға, үлгі алуға болатын бірден-бір ана деп бағалаймын» десе, Ақанай Шоханова ардагерлерге құрмет көрсету бағытында ұйымдастырылған іс-шара кейінгі буынға тағылымды ой салатынын, мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді. Ал еңбек ардагері Айткүл Ахмедова өмірі өнегеге айналған мерейтой иесіне зор денсаулық тілеп, жүрекжарды лебізін білдірді.

Мұнан соң кеш жүргізушілері Олжас Бақытбек пен Аружан Ыбайділдаева балабақшаның тарихы, мамандардың еңбек жолындағы жетістіктері жөнінде мағлұмат берді. Іс-шара соңында мерейтой иесінің жары И.Сейілов көпшілікке арнап ақ бата берсе, ұрпақтары балабақша ұжымына және тақпақ айтқан бүлдіршіндерге отбасының атынан естелік сыйлықтар табыс етті. Осылайша «Nur Otan» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында ұйымдастырылған іс-шара жоғары деңгейде қорытындыланды.
06 қараша 2021 ж. 245 0