Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бюджет қаржысын толық игеру маңызды

Бюджет қаржысын толық игеру маңызды

Аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтіп, оның күн тәртібінде 2 мәселе қаралды. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары қатысты.

Аудан басшысы алдымен кадрлық өзгерістерді таныстырды. Ауылдық округ тұрғындарының дауыс беру қорытындысы бойынша «Nur Otan» партиясынан ұсынылған кандидат Ғалымжан Акбаров Қалжан ахун ауылдық округінің әкімі қызметіне сайланғанын атап, қызметіне сәттілік тіледі.


Аппарат мәжілісінің күн тәртібіндегі бірінші мәселе – биылғы 9 айдың әлеу­меттік-экономикалық даму көрсет­кіш­терінің орындалу барысы жөнінде аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Е.Ахетов хабарлады. Бөлім басшысы инвестиция және құрылыс жұмыстары индикаторынан басқа барлық макроэкономикалық көрсеткіштерде өсу тенденциясы бар екеніне тоқталды.

Биылғы жылдың қаңтар-қыркүйе­гінде өнеркәсіп орындары қолданыстағы бағамен 6,1 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылға қарағанда 65,6 пайызға өскен. Ал өңдеу өнеркәсібі 75 пайызға артқан. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1,9 пайызға, бөлшек сауда айналымының нақты көлемі 1,4 пайызға, жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 27,2 пайызға артқан. Есепті мерзімде 18,3 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, өткен жыл­дың осы кезеңімен салыстырғанда 10,7 пайызды құрады.

9 айда аудан экономикасына 16,0 млрд теңге негізгі капиталға инвестиция тартылған. Салынған инвестицияның 9,0 млрд теңгесі ғимараттар салу және күрделі жөндеу жұмыстарына, 4,4 млрд теңгесі машиналар мен жабдықтар сатып алуға, 2,7 млрд теңге өзгеде шы­ғын­дарға бағытталған. Ал 2021 жыл­ға арналған аудандық бюджеттің кі­ріс­­терінің көлемі 10,6 млрд теңгені құ­рай­ды. Оның шығындары 11,8 млрд теңге. Жыл көлемінде аудандық бюджетке үш рет нақтылау жүргізіліп, 1,7 млрд теңгеге ұлғайтылған.

Нақты көрсеткіштерді көрген аудан әкімі негізгі капиталға инвестиция тартуда аудандық сәулет және қала құрылы­сы, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм және аудандық тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшыларынан қандай жобалар бар екендігін сұрады. Тиісті сала басшыларына жобалардың жүзеге асырылуын жыл соңына дейін қамтамасыз етуді тапсырды.

Күн тәртібіндегі 2021 жылдың 9 ай қорытындысымен аудан бюджетінің иге­рілуі және 12 ай қорытындысымен игерілу болжамы туралы аудандық қаржы бө­лімінің басшысы А.Есмағанбетова баян­дады. Бөлім басшысы есепті кезеңде аудан бюджетінің кірістері жоспарлы жү­зеге асырылып келе жатқанын атап көрсетті.

2021 жылғы 9 айдың қорытындысы­мен түсімдер 10129,8 млн теңгеге немесе 102,2%-ға орындалып отыр. Асыра орындалғаны 215,8 млн теңге. Оның ішінде, ауданның өз кірістері 3356,5 млн теңгеге немесе 102%-ға орындалып, 66,9 млн теңге артық түскен. Республикалық және облыстық бюджеттерден 5802,1 млн теңге трансферттер алынған. Ал шығындар жоспары 9 айдың қорытындысымен 8583,0 млн теңгеге немесе 100 пайызға орындалған. Бюджет қаражатын үнемдеулер есебінен игерілмеген қалдығы 2375,2 мың теңгені құраған. Бюджеттің төртінші деңгейі бойынша 9 айда бюджеттің кірістері 1266,6 млн теңге немесе 104,4%-ға артығымен түскен. А.Есмағанбетова кей­­бір бөлімдер жоспарланған жобаларын жүзеге асырса, жыл қорытындысы нәтижелі аяқталатынын жеткізді.

Аппарат мәжілісінде аудан басшысы бюджет қаржысын толық және сапалы игерілуін қамтамасыз ету негізгі міндеттерідің бірі екенін атады. Бюджет қаржысын мерзімінде және толық игеруде ешқандай объективтік немесе субъективтік себептер қабыл­данбайтынын айтып, жыл соңына дейін жұмыстарды сапалы атқаруды жүктеді.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
02 қараша 2021 ж. 738 0