Жауапкершілік жүгі артылды
Аудан әкімі Руслан Рүстемовтің төрағалығымен аппарат мәжіліс өтіп, күн тәртібінде 4 мәселе қаралды.
Аппарат мәжілісі басталмас бұрын аудан басшысы жиынға қатысушыларды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, бірқатар мемлекеттік қызметшіні марапаттады. Атап айтқанда, ауданның өркендеп өсуіне қосқан үлестері үшін облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың Алғыс хатымен аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Ғалымжан Садықов, аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Марат Ерташов, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержан Бахтияров, Қоғалыкөл ауылдық округінің әкімі Бақытжан Рахымбеков, және Қалжан ахун ауылдық округінің әкімі Нұрлан Қарсақбаев марапатталды. Сондай-ақ аудан әкімі Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры қызметіне тағайындалған Әлібек Рахымжановты таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.
Мәжілістің күн тәртібіндегі бірінші мәселе аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің 2019 жылдың 11 айында атқарған жұмыстары және алдағы тұрған міндеттері туралы бөлім басшысы М.Ерташов баяндады.
Жалпы аудан бойынша оқушылар және тұрғындарды қоса есептегенде 11528 спортшы жүйелі спортпен айналысуда. Аудан бойынша спортпен жүйелі айналысушылар 30,01 процентті құрайды. Ағымдағы жылдың 11 айында 147 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 15340 қатысушы тартылған. Аудандық деңгейде 128 жарыс, облыстық деңгейде 16 жарыс, республикалық 2 жарыс, халықаралық 1 жарыс өткізіліпті. Ауданның барлық спортшысы осы уақытқа дейін облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, ҚР чемпионатынан 40 медаль, Азия чемпионатынан 8 медаль және Әлем чемпионатынан 1 медаль жеңіп алған.
Келесі кезекте аудандық бюджеттің орындалу барысы жөнінде қаржы бөлімінің басшысы Ж.Сыздықов хабарлама жасады. Хабарламашының айтуынша, 2019 жылдың 11 желтоқсанына аудан бюджетінің түсімдері 97,8 процентке орындалған. Жылдың соңына дейін бюджет кірісіне 234,4 млн теңге түсуі тиіс. Оның ішінде өз кірістері бойынша жылдық болжам 4715,2 млн теңге, нақты 4734,6 млн теңгеге немесе 100,4 процентке орындалған. Дегенмен салықтық түсімдерден жыл соңына дейін әлі 25,1 млн теңге түсуі тиіс. Нақтырақ айтқанда, бүгінде бюджеттің төртінші деңгейі бойынша салықтық түсімдердің жылдық болжамы 8,6 млн теңгеге асыра орындалды. Ал аудандық бюджет бойынша жылдың соңына дейін 33,7 млн теңге түсу қажет.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі индикаторларының орындалу барысы туралы экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Ғ.Акбаров хабарлады. Бөлім басшысы 2019 жылдың 11 айында ауданда атқарылған жұмыстар бойынша әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысымен ауданда пайдалануға берілген тұрғын үй құрылысы индикаторынан басқа барлық макроэкономикалық көрсеткішінде өсу тенденциясы бар екендігін жеткізді. Сонымен бірге жыл қорытындысы бойынша кейбір орындалмай тұрған индикаторларға тоқталды.
Аппарат мәжілісінде аудандық жер қатынастары бөлімінің 2019 жылдың 11 айында атқарған жұмыстары және алдағы тұрған міндеттері бойынша бөлім басшысы Б.Омаров баяндап, атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Күн тәртібіндегі талқыланған мәселелер бойынша аудан басшысы тиісті тапсырмаларды беріп, оның орындалуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.
Аппарат мәжілісінде аудан әкімі қосымша мәселелерге де тоқталды. Атап айтқанда, алдағы Жаңа жыл мерекесінде мейрамханаларда ұжымдық корпоративтік кештерді ұйымдастыруға тыйым салынғанын, оған бірінші басшылар тікелей жауаптылықта болатындығын ескертті. Сондай-ақ жедел-жәрдем қызметі, жылу, жарық, қоғамдық қауіпсіздік, қоғамдық көлік, ауыз су, төтенше жағдайдың алдын алу бойынша кезекшілік күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар ауа райының қолайсыздығына байланысты жылу, су, жарықтың тұрақты болуын бақылауға алуды және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында тиісті қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуді тиісті сала басшыларына жүктеді.
Ердос БЕРКІНБАЕВ