Аудан прокуроры тағайындалды
Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасының бұйрығымен Кемалов Асқар Жаметұлы Сырдария ауданының прокуроры лауазымына тағайындалды. Ауданның жаңа прокурорын аудан әкімі Мұрат Ергешбаев пен облыс прокурорының орынбасары Дамир Катаев таныстырды.
Кадрлық өзгеріске байланысты ұйымдастырылған жиынға аудандық сот төрағасы Р.Алдамбергенов, облыстық мәслихат депутаты Р.Есенов, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме, бөлім басшылары, аудандық ардагерлер кеңесі мен қоғамдық кеңес төрағалары қатысты.
Жиналыста аудан әкімі Мемлекет басшысы тарапынан прокуратура органдарына жүктелген міндет ауқымды екенін атап өтіп, жаңа қызметке тағайындалған А.Кемаловтың саладағы кәсіби тәжірибесі жоғары екеніне тоқталды. Облыс прокурорының орынбасары Д.Катаев қызметке тағайындау жөніндегі бұйрықпен және аудан прокурорының өмірбаянымен таныстырды. Сонымен қатар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев сөз сөйлеп, жауапкершілігі жоғары қызметте абыройлы болуына тілектестігін білдірді. Өз кезегінде А.Кемалов артылған сенімді ақтауға, ел мүддесі үшін адал қызмет етуге, заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды сапалы үйлестіруге күш салатынын атап өтті.
Айта кету керек, А.Кемалов 1970 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1990 жылы Қызылорда қаласындағы тігін фабрикасында заң кеңесшісі қызметінен бастап, әр жылдары Қызылорда облыстық тұтыну одағының заң кеңесшісі, Қызылорда облыстық сотының аға кеңесшісі және бас кеңесшісі қызметтерін атқарған. Сондай-ақ Қызылорда қаласы прокурорының көмекшісі, Қызылорда облысы прокуратурасының қылмыстық істер бойынша сот қаулыларының заңдылығын қадағалау бөлімінің прокуроры және аға прокуроры, Сырдария ауданы прокурорының орынбасары, Қызылорда облысы прокурорының халықаралық шарттардың қолданылуын қадағалау жөніндегі аға көмекшісі болып еңбек еткен. Мұнан бөлек Қызылорда облысы прокуратурасының қылмыстық істер бойынша сот қаулыларының заңдылығын қадағалау бөлімінің басшысы, Қызылорда облысы прокурорының кадр жұмыстары жөніндегі аға көмекшісі, Жаңақорған ауданының прокуроры, Қызылорда қаласы прокурорының ұйымдастыру-бақылау жұмыстары бойынша аға көмекшісі, Қызылорда облысы прокуратурасының сот алдында мемлекет мүддесін білдіру жөніндегі басқармасының аға прокуроры, Қызылорда облысы прокурорының атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалау жөніндегі аға көмекшісі ретінде прокуратура саласында мол тәжірибе жинақтаған. Асқар Жаметұлы бұған дейін облыс прокурорының аға көмекшісі–топ жетекшісі лауазымын атқарып келген.