Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа қызметіне сәттілік тіледі

Жаңа қызметіне сәттілік тіледі

Төрт жылға жуық уақыт бойы Сырдария Ауданының прокуроры қызме­тін атқарған Ерлан Алмазұлының жаңа қызметке тағайындалуына орай аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен жиналыс өтті. Жиынға облыстық мәслихат депутаты Р.Есенов, аудандық мәслихат депутаттары Е.Жақып, Ж.Ембергенов, А.Ибрагимұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Омаров және аудан әкімінің орынбасарлары мен мекеме, бөлім басшылары қатысты.

Аудан әкімі жаңа қызметке тағайындалған Ерлан Алмазұлының төрт жылға жуық уақыт Сырдария ау­данының прокуроры қызметін абыроймен атқар­­­­­ғанына кеңінен тоқталып, білікті басшының қадағалаушы орган жұмысын жоғары деңгейде үйлестіре білгенін атап өтті.

– Прокуратура саласының дамуы мен саладағы жұмыстар Президенттің тікелей бақылауында тұрғаны белгілі. Прo­­ку­ратура еліміздің заңдарының мүлтіксіз сақталуы, азаматтық құқықтар мен бостандықтардың, қоғам мен мемлекет мүдделерінің берік қорғалуы жолында қызмет етеді. Прокурорлардың айбынды күш-жiгер­­­лері адам құқық­­тары мен мем­лекеттің мүдделеріне айтар­лықтай қауіп төндіретін заң бұзушылықтарды жедел жоюға бағытталған. Осынау жауапты салада қызмет атқарған білікті басшы Ерлан Алмазұлы ауданымызда төрт жылға жуық уақыт жемісті еңбек етті. Күрделі мәселелердің шешілуіне өткір, ұтымды ұсыныстар енгізіп, қоғамдағы заң үстемдігін қамтамасыз етуге зор үлес қосты. Тәртіп пен тұрақтылықты сақтау жолында үйлесімді жұмыс жүйесін қалыптастырды. Сол еңбегі еленіп, Ерлан Алмазұлы Бас прокуратурада қыз­мет атқару жөнінде шешім қабылдап жатыр. Заңның қолданылуын қадағалауды жүзеге асыруда өмір­лік тәжі­рибесі мол азаматтың жаңа қызметіне аудан хал­қының атынан сәттілік тілеймін, – деді аудан басшысы.

Ал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Муса Келдібаев зайырлы демократиялық елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуда прокуратура орган­дарының орны ерекше екенін атап өтті.

– Қазір халықтың прокурорларға сенімі артты. Ол сенім адал еңбекпен, үздіксіз ізденіспен келетіні белгілі. Аса жауапты салада жастайынан еңбек етіп келе жатқан Ерлан Алмазұлының ауданымызда атқарған жұмысы көз алдымызда. Аудандық прокуратураның ұйым­дастыруымен өткен жиналыстарға, семинарларға, дөңгелек үстелдерге қатысып, ардагер ретінде еркін пікір білдіруімізге, атқарушы, өкілді, қадағалаушы органдарға ұсыныстар айтуымызға мол мүмкіндік ашылды. Бір сөзбен айтқанда, аудандық прокуратура тұрғындардың игілігі үшін заман талабына сай жақсы жұмыс істеуде. Жаңа қызметке тағайындалып, Бас прокуратурада еңбек еткелі жатқан Ерлан Алмазұлына аудан ардагерлерінің атынан абырой тілейміз. Барлық бас­тамалары оңынан болсын, – деді Муса Алпысбайұлы.

Өз кезегінде Ерлан Алмазұлы сенім артып, қолдау көрсеткен аудан халқына ризашылығын білдірді.

– Өздеріңізге белгілі, төрт жылға жуық уақыт бойы ауданда еңбек еттім. Қызмет бабында әділдік принципін ұстанып, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді мақсат тұттым. Аудан халқының бірлігі мен ын­тымағын жоғары бағалаймын. Сырдария ауданында ең­бек еткен кезеңімді еңбек жолымның сәтті, жетістікке толы жылдары деп санаймын. Алдағы уақыттағы тарихы терең, халқы берекелі іске бейім Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына сәттілік тілеймін. Жаңа қызметке тағайындалуыма орай құрмет көрсетіп, шынайы сәттілік тілеп, тілектестік ниеттерін білдіріп жатқан сырдариялықтарға алғыс айтамын. Аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлының бастамасымен Сыр өңіріндегі өзіндік орны бар іргелі аудан өсіп-өркендей береді деп сенемін, – деді Ерлан Алмазұлы.

Жиын соңында аудан әкімі заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге айрықша үлес қосқан Е.Алмазұлына Сырдария ауданының «Құрмет грамотасын» табыс етті.


Атап өту қажет, 2006 жылдан бастап прокуратура саласында қызмет атқарып келе жатқан Е.Алмазұлы Сырдария ауданының прокуроры болып 2018 жы­лы тағайындалған. Ол бұған дейін Алматы ауданы прокурорының көмекшісі, аға көмекшісі, Астана қа­лалық прокуратурасының басқарма прокуроры, Павлодар қаласы прокурорының орынбасары, Байқоңыр қаласы прокурорының орынбасары және ҚР Бас прокуратурасы басқармасының аға прокуроры қызметін атқарған.

А.СЕЙІЛОВ
18 қыркүйек 2021 ж. 507 0