Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БАРЫМЫЗДЫ БАҒАЛАП, БОЛАШАҚТЫ БАҒДАРЛАЙЫҚ

БАРЫМЫЗДЫ БАҒАЛАП, БОЛАШАҚТЫ БАҒДАРЛАЙЫҚ


Туған жерге шынайы сүйіспеншілікті арттыру, өз ауылының патриоты болу «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір бөлігі. «Елу жылда – ел жаңа» екенін күнделікті өзгерістерден, жаңаша тірліктерден байқап жүрміз. Бір кездері шағын ғана «Қызылдихан» колхозы атанған, кейінірек Партияның ХХІ съезі атанған кеңшар, ал Тәуелсіздік жылдары осы колхозды құрып, басқарушы болған Оспан Мәлібаев атамыздың есімін иеленген шаруашылық бүгінде Президент Жарлығымен іргелес жатқан Тереңөзек кентіне қосылды. Қазіргі таңда тұрғындар «Оспан Мәлібаев мөлтек ауданы» деп айдар тағып, атау қойып алған. Бәлкім бұл атау келешекте ресми түрде бекітілуі де әбден мүмкін. Себебі «халық айтса, қалт айтпайды» - деген емес пе, қазақ атамыз.
Тәуелсіздіктің тәтті жемісін көріп отырған бұл мөлтек аудан тұрғындардың үйлеріне таза ауыз су құбырлары тартылған. Ешкім көше кезбей, өз үйлерінің ішіндегі колонкадан су ішіп, басқа да қажетіне жаратады. Ең көрікті де ұзын көше – Социалистік Еңбек Ері Қасым Бөдеев атамыздың есімімен аталады. Осы көше бойында мектеп, медпункт, мешіт, пошта байланысы ғимараты, сондай-ақ кәсіпкерлердің үш азық-түлік дүкендері бар. Тағы бір азамат Сейфолла Анасов заман талабына сай келетін 150 адамға арналған тойхана құрылысын салып, ел игілігіне берді. Мұнда қазіргі кезде мерекелер, үйлену, ұзату тойлары, ас-құдайылар өткізіліп тұрады. Түн мезгілінде самаладай жарқыраған көше бойы көрікті, қаладағыдай жақсы әсер қалдырады.
Орталықтан агроөнеркәсіптік кешен құрылыстары салынып жатыр. Мұнда заман талабына сай қырман, астық сақтайтын қоймалар, машина-трактор паркі, асхана және кеңселік ғимараттар бар. Облыс көлемінде аталмыш кешен алғаш рет жобаланып, ел игілігіне берілуге жақын. «Қызылдихан» шаруа қожалығы (төрағасы А.Құлбаев) жыл сайын егіннен мол өнім жинап, облыс пен ауданда чемпион атанып келеді. Биыл да аудан көлемінде топ жарды.
Жаңадан 10 тұрғын үй құрылысы салынып, пайдалануға берілсе, биыл 4 көше асфальттанып, 4 көшеге тас төселді. Кең көлемді көшелер айбынды азаматтар есімін иеленуде. Мысалға айтар болсақ, Қызылдихан көшесі Оспан Мәлібаев атамыздың атына, 1 май көшесі журналист, Ұлы Отан соғысының ардагері Бәкір Өтеповтің атына берілді. Алдағы уақытта Тереңөзек, Жалағаш трассасы бойына тұрғын үйлер салу, сондай-ақ 200 орындық клуб үйі мен стадион салынады деп жоспарлануда. Бір сөзбен айтқанда мөлтек аудан жыл санап жаңарып, жасарып келеді. «Елге ел қосылса-құт» деген осы-ау, сірә?!...
Тұрғындардың жергілікті атқарушы орындарға қойып жатқан талап-тілектері мен өтініш-ұсыныстары да біртіндеп шешіле бастады. Мәселен, кенттегі Қазантаев көшесінің аяқ жағынан мөлтек аудандағы Қ.Бөдеев көшесіне дейінгі аралықта жаяу жүргіншілерге арналған тротуар жол салынып, жұртшылық қуанышқа бөленді. Алдағы уақытта бұл тротуар №131 орта мектепке дейін созылатын болады. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттары дайын. Осы тротуар жол бойына түн мезгілінде кісілер жүру үшін электр шамдарын жүргізу, Айтбай арығы мен Элеватор аралығындағы бос жерге жасыл желек егіп, орындықтар орнатып, тіпті субұрқақ салып, тұрғындар демалатын, түрлі игі шаралар өткізетін аллея ашуға өте қолайлы. Бір жағынан Айтбай арық арқылы аяқ су жетіп тұрса, екінші жағынан А.Оразбаева көшесі бойынан ауыз су құбыры өткізілген.
Шаруашылықтан кезінде 3 бірдей Еңбек Ері шыққан. Соның бірі – Дүйсенбай Керейтбаевқа кент ішінен көше берілсе, Қасым Бөдеев атамыздағы көше әлгінде жоғарыда айтылғандай мөлтек ауданның ортасынан қақ жарып жатыр. Ендігі міндет-осындай аталардың бірі, даңғайыр дихан, Социалистік Еңбек Ері Ибадулла Ақниязовтың есімін бір көшеге беру де өз шешімін табарына ел сенімді.
Тағы бір өзекті мәселе - №131 орта мектептің жанында әдемі саябақ бар. Сол саябақты темір қоршаулармен қоршап, ағаштарын арам шөптерден тазартып, орта жақ тұсына 3 Еңбек Еріне арналған мемориал тақта орнатса нұр үстіне нұр болар еді. Жас ұрпақ өз аталарын мақтан тұтып, сол кісілердің атқарған істерін үлгі-өнеге алып, патриоттық сезімдері оянар еді. Себебі мұнда волейбол, баскетбол және футбол ойнауға арналған спорт алаңы бар. Түрлі жарыстар өткізуге қолайлы. Демек, бос жатқан саябақты тиімді пайдалануға тырысуымыз қажет.
Қорыта айтқанда Рухани жаңғыру-ел дамуының кепілі, ұлтжандылықты өркендетудің төте жолы. Сондықтан да қолда барымызды бағалап, болашағымызға бағдар жасап, жас ұрпағымызды заманға сай азамат етіп тәрбиелеуге атсалысайық, ағайын!
Мейрамбек ШІЛДЕБАЙҰЛЫ,
Тереңөзек кенті.
05 желтоқсан 2017 ж. 1 205 0