Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алдағы міндеттер нақтыланды

Алдағы міндеттер нақтыланды

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауынан туындаған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру мақсатында аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен идеологиялық актив жиыны өтті. Жиынға облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме, бөлім басшылары, аудан ардагерлері, үкіметтік емес ұйым жетекшілері, БАҚ өкілдері және ZOOM платформасы арқылы ауылдық округ әкімдері қатысты.
Аудан басшысы Президент Жолдауы елдің алдағы даму стратегиясын айқындағанын атап өтті.
– Ел Президенті пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, адам құқығын қорғауға бағытталған бастамаларын жариялады. Осылайша, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырудағы негізгі бес бастама айқындалды. Жолдауда айтылған барлық бағыттар бойынша ауданда нақты шаралар қабылданып, іске асырылатын болады, – деді М.Ергешбаев.
Аудан әкімі стратегиялық маңызды құжатта Мемлекет басшысы Өңірлерді дамыту жоспарларын бекітілген жалпыұлттық міндеттерге сәйкес жаңарту қажеттігін айтқанына тоқталды.
– Президент бюджет үдерістерін жеңілдетіп, бюрократия­­ны барынша азайтуды, сондай-ақ, бюджетті жос­парлау мен орындау кезінде цифрлық тәсілдерді қолдануды, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жауапкершілігін арттыра отырып, бөлшектенген бюджетті енгізуді тапсырды. Мемлекет басшысы «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға дейін ұзарту туралы шешім қабылдап, бөлінетін қаржының көлемі кемінде бір триллион теңге болатынын айтты. Микро және шағын кәсіпкерлік саласында бизнес үшін жиынтық салмақты 34 пайыздан 25 пайызға төмендете оты­рып, еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізуді тапсырды. Осы тапсырмаларды сапалы әрі уақытылы орындау бәріміз үшін маңызды, – деген аудан әкімі алдағы міндеттерді нақтылап берді.
Идеологиялық актив отырысында аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Ғ.Акбаров, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Е.Ахетов, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жаналиева баяндама жасады. Жиынды қорытындылаған аудан басшысы идеологиялық активке қатысушыларды Жолдауда айқындалған басым бағыттарды орындауға жұмыла кірісіп, сапалы жұмыс істеуге шақырды.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
11 қыркүйек 2021 ж. 333 0