Тіршілік тынысы Сырдария аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Қызылорда облысында жолдау негізінде өңірлік даму бағдарламасы қабылданады

Қызылорда облысында жолдау негізінде өңірлік даму бағдарламасы қабылданады

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар - ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді айқындайтын кеңейтілген жиын өтті. Жиынға тиісті әкім орынбасарлары, басқарма басшылары, салалық департамент басшылары мен селекторлық режимде Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері қатысты.

Аймақ басшысы өңір экономикасының алдағы даму стратегиясына тоқталды.

- Мемлекет басшысы пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, адам құқығын қорғауға бағытталған бастамаларын жариялады. Осылайша, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырудағы 5 бастама айқындалды. Жолдауда айтылған барлық бағыттар бойынша облыста нақты шаралар қабылданып, іске асырылатын болады, - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси жаңғыруды біртіндеп жүзеге асыру – мемлекетіміздің стратегиялық бағдарының басым міндетінің бірі» деп атап өтті. Бұл бағытта облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов баяндама жасады. Ал, Мемлекет басшысының Өңірлерді дамыту жоспарларын бекітілген жалпыұлттық міндеттерге сәйкес жаңарту және бюджет үдерістерін жеңілдетіп, бюрократияны барынша азайту, сондай-ақ, бюджетті жоспарлау мен орындау кезінде цифрлық тәсілдерді қолдану, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жауапкершілігін арттыра отырып, бөлшектенген бюджетті енгізу тапсырмасына сәйкес облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай сөз сөйледі.

Жолдауда жер қойнауын пайдалану саласына, әсіресе геологиялық барлау және жер қойнауын кешенді зерттеу ісіне тың серпін қажет екені, геологиялық ақпараттың ашық цифрлық мәліметтер базасын құрып, оны инвесторлар үшін қолжетімді ету керек екені көрсетілген. Өңірдің алдағы инвестициялық мүмкіндіктері жөнінде облыстық индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев тарқатып берді.

Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова геологиялық барлау және жер қойнауын кешенді зерттеу бойынша тиісті министрлікпен жұмысты қарқынды түрде жүргізуді тапсырды.

Президент Жолдауында Қазақстанның ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор екені айтылды. Бірақ, агроөнеркәсіп кешені саласында қордаланған проблемалар да аз емес. Ең алдымен, бұл – азық-түлік тауарларының бағасын белгілеуді, оны бөліп-таратудың тиімсіз жүргізілуі. Осы ретте облыстың аграрлық әлеуеті және Жолдаудан туындайтын міндеттерді орындауда нақты жүйелі жұмыстар туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев нақты басымдықтарға тоқталды.

Жиын барысында облыс әкімі ауылшаруашылық саласына қатысты бірқатар тапсырма жүктеді.

- Азық-түлік өндірісімен қамтамасыз ету балансын есептей отырып, ауыл шаруашылығы саласында әртараптандыру шараларын қабылдау қажет. Мал шаруашылығы саласында өндірілетін өнімдердің басым бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтардың үлесінде болғандықтан, оларды қажетті жайылымдық жерлермен қамтылуы мәселесін заңдастыруды ұйымдастырып, ауылдық елді мекендерде кооперациялау жұмысын дамыту аясында жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперцияға тарту бойынша жұмыстарын жандандыру міндеті қойылады. «Алқаптан сөреге дейін» пилоттық жобаның іске асыруы бойынша Жамбыл облысының тәжірибесін зерттеп, өңірге енгізу шараларын қабылдауды және суармалы сумен қамтамасыз үшін, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуді тапсырамын, - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Сондай-ақ, облыс әкімі көтерме-тарату орталығын қалыптастыратын инвестор тауып көтерме-тарату орталығын ашуды, қыркүйек айының соңына дейін субсидиялау қағидаларын толықтай қарастырып, өзгерістер енгізу үшін жүйелі проблемалар бойынша тиісті ұсыныстарды орталық атқарушы органдарға жолдауды, әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік таурларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында өңірлік тұрақтандыру қорының мамандандырылған мекемесі арқылы уақытылы сатып алу интервенцияларын жүргізуді жүктеді.

Мемлекет Басшысы «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Сонымен бірге, Еңбекақы төлеу қорына түсетін салмақтың өзі барынша түсінікті әрі қарапайым болуы қажет. Бұл, әсіресе, микро және шағын кәсіпкерлік саласында қатты сезіледі. Мұндай бизнес үшін жиынтық салмақты 34 пайыздан 25 пайызға төмендете отырып, еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізуді тапсырды. Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов осы міндеттерді жүзеге асыру барысын тілге тиек етті.

Жолдауда көтерілген әйелдердің қоғамдағы экономикалық және саяси ұстанымын барынша қолдауды қамтамасыз ету, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын өзектендіру бойынша жобаларды іске асыруда азаматтық қоғам өкілдерінің рөлі маңызды. Осы ретте алдағы іске асатын жобалар бойынша «Азаматтық альянс» заңды тұлғалар бірлестігі» қауымдастығының төрайымы Анар Ізден сөз сөйлеп, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.

Жиын соңында облыс әкімі Мемлекет басшысының Жолдауында ұтымды ұсыныстар, кесімді пікірлер мен нақты тапсырмалар берілгенін айтып, бірқатар міндеттерді жүктеді.

- Ел Президенті қысқа мерзімде Үкіметке Ұлттық Жоспарды әзірлеп бекітуді тапсырды. Осы құжаттың аясында Қызылорда облысының өңірлік даму жоспары әзірленуі керек. Қазан айына дейін аталған құжат қабылдануы тиіс. Сонымен бірге, Қызылорда қаласының және аудан әкімдерінің жекелей жаңадан даму бағдарламалары қабылдануы қажет. Жолдау негізінде қабылданатын өңірлік даму бағдарламасы арқылы алдағы міндеттерімізді айқындап, нақты жоспарларды іске асыруға жұмыс жасаймыз, - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
03 қыркүйек 2021 ж. 118 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам