Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі ауылдарды аралады

Аудан әкімі ауылдарды аралады

Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Бесарық, Қоғалыкөл, Шіркейлі және Нағи Ілиясов ауылдарын аралап, елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысты. Ауылдар тынысымен танысуда аудан әкімімен аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов бірге жүрді.

Ауылдық округтерде аудан басшысы әлеуметтік нысандардың жұмыс барысын көріп, елді мекендегі ақсақалдармен, ауыл активтерімен кездесті.

– Іргелі ауданды басқаруға сенім артылып, бүгін елдің жағдайымен танысу үшін өздеріңізбен кездесіп отырмыз. Елді мекендердегі әлеуметтік нысандар талаптарға сай жұмыс істеуде. Аудандағы ауыз су мәселесі толық шешімін тапқан. Жол және басқа да мәселелер кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл ретте, барлық тіршілік ауыл халқының ауызбіршілігінің арқасында іске асырылып жатқаны анық. Әр ауылдың өзіндік мүмкіндіктері бар. Осыны пайдаланып, ауылдарда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қажет. Сонда халықтың әл-ауқаты бұдан да жақсаратыны сөзсіз. Ал атқарушы билік тарапынан елдегі мәселелерді қаржылық мүмкіндікке сәйкес, кезең-кезеңімен жүзеге асыратын боламыз, – деді аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы.

Кездесуде ауылдық ардагерлер кеңесі, қоғамдық кеңес төрағалары елді мекендердегі өзекті мәселелерді қозғады. Сондай-ақ, аудан басшысының жұмысына сәттілік тілеп, баталарын берді. Аудан әкімі М.Ергешбаев халықтың өтініші мен талап-тілегі әрқашан ескерілетінін атап өтті.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
03 маусым 2021 ж. 654 0