Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев короновирус індеті бойынша ағымдағы жағдай жөнінде ақпарат беру және екпе егу жұмыстарына байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында Асқар Тоқмағамбетов, Қалжан ахун және Сәкен Сейфуллин ауылдарын аралап, кездесулер өткізді.

Кездесуге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы, денсаулық сақтау саласының өкілі Сексенбай Ерімбет, ауыл әкімдері мен ардагерлер қатысты.

– Қазір бос сөзге сенетін уақыт емес. Ахуал күн өткен сайын күрделеніп, жауапкершілікті талап етуде. мысалы мен де, Хайролла ағай да вакцина қабылдағандардың қатарынанбыз. Үш күн бойы дәрігерлердің бақылауында болдық. Ешқандай кері әсері байқалмады. Жұмысымызды істеп жүрміз. Сіздерді екпе салу арқылы індетті толық жеңіп, қалыпты тіршілікке оралатын күннің жақын қалғанына сендіргім келеді, – деді Димаш Серікбайұлы.

Өз кезегінде Х.Әбенұлы мен С.Ерімбет те екпенің тиімділігі туралы тың ақпараттармен бөлісті.

– Коронавирусқа қарсы вакцина – ғылымның үлкен жетістігі, дерттің дендеуін болдырмайтын алпауыт күш. Мемлекетіміздің халықты тегін вакцинациалауға қомақты қаражат бөліп, бар мүмкіндікті жасап жатқанына ризамын. Бүгінгі таңда коронавирустан сақтанудың бірден-бір жолы – осы екпе болып тұр. Ең алдымен өз денсаулығымызды, отбасымызды, айналамыздағы адамдарды қорғаудың тиімді тәсілі осы болғандықтан азаматтық міндетімізді орындадық. Ауданның барша ардагерлерін екпе қабылдауға шақырамын, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Кездесуге қатысушы ауыл ардагерлері айтылған ұсыныс-пікірлерді қолдап, екпе қабылдауға көзқарастары оң екенін атап өтті. Олар індеттен ертерек құтылу үшін карантин талаптарын сақтаудың маңыздылығы жөнінде өз ойларымен бөлісті.

20 тамыз 2021 ж. 388 0