Аудан әкімінің құттықтауы
Құрметті Сырдария ауданының құрылысшылары, сала ардагерлері мен құрылыс компанияларының өкілдері! Сіздерді кәсіби төл мерекелеріңіз «Құрылысшылар күнімен» шын жүректен құттықтаймын!
Құрылыс – адамзат баласы жер бетінде пайда болған ежелгі дәуірден бастап дамып келе жатқан жасампаз кәсіп. Бұл салада еңбегі адал, қабілетті мамандар жұмыс істейді. Тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне құрылысшылардың қосқан үлесі мол. Құрышқол құрылысшылар күннің ыстық-суығына қарамай атқарған адал еңбектерінің арқасында халқымызды қуанышқа кенелтіп, елдің сәулетіне сәулет қосуда.
Сырдария ауданында құрылыс саласы дамуда деп айтуға толық негіз бар. Мысалы, биылғы жылдың есепті мерзімінде аудан бойынша 6,8 мың шаршы метр жерге тұрғын үй салынып, жұмыс көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 14,5 пайызға өсті. Сондай-ақ халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына және аз қамтылған көпбалалы отбасыларға коммуналдық тұрғын үй қорының тұрғын жайын сатып алуға ҚР Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферт есебінен тиісті қаржылар бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданның Шаған, Ақжарма, Шіркейлі, Н.Ілиясов, Айдарлы, Аманкелді, Бесарық, Қоғалыкөл, А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин және Қалжан ахун елді мекендерінде үш бөлмелі үш тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Бұл Ел Егемендігінің жемісі, бірлесе атқарған жұмыстарымыздың нәтижесі.
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтап, ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін! Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік, ғұмыры мәңгі болсын!
Құрметпен,
Мұрат Ергешбаев,
Сырдария ауданының әкімі