Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ

ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ

«Баспаналы болсам» дейтін адам көп бүгінде. Біреу үйді ақша жинап алады, бірі – мұраға қалдырады, енді бірі – түрлі жобалардың көмегіне жүгінеді. Мемлекеттік саясат бағыты негізінің бірі осы – азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдай жасау. Бұл міндеттерді орындау үшін мемлекет тарапынан әр түрлі бағдармалар қабылдануда.
Қазіргі уақытта облыс орталығынның сол жағалауында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2019 жылдың І жартыжылдығында пайдалануға беріледі деп жоспарланған 460 пәтерлік 8 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуда. Бұдан басқа әлеуметтік және коммерциялық сипаттағы 1190 пәтерлік қосымша 28 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жалпы сол жағалаудағы 3 тұрғын үй ауданында ағымдағы жылы 2340 пәтерлік 50 тұрғын үй салынады. Оның ішінде 431 пәтер аз қамтылған көп балалы отбасыларға беріледі.
2018 жылдан бастап сол жағалау аймағында қажетті инфрақұрылым құрылысы жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн.
Осы орайда, Сырдария ауданының да тұрғындарды баспанамен қамту мәселесінде атқарып жатқан жұмыстарын тілге тиек еткен жөн. Ресми деректерге жүгінсек, қазір аудан бойынша коммуналды тұрғын үй қорынан үй алуға үмітті 424 адам кезекте тұр екен. Ең көбі – халықтың әлеуметтік осал топтары 195 адам, көпбалалы отбасылар – 84, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша – 49 адам болса, мемлекеттік қызметшілерден 79 адам үй алуға өтініш білдірген. Аудан бойынша ҰОС ардагерлерінің барлығы баспанамен қамтылып үлгеріпті. Ал үйлері «апаттық жағдайда» деп танылған 17 азаматтың мемлекеттен пәтер алатын үміті бар. Былтыр ғана пайдалануға берілген ауданға кіріс беріс жерде орналасқан екі тұрғын үй кешіні бүгінде баспанасыз жүрген жандарға пана болды. Өткен жылмен салыстырғанда құрылыс жұмыстарының көлемі 12 есеге ұлғайып, 11383,0 млн.теңгені құрады. 2019 жылдың 6 айында 6794 шаршы метрге тұрғын үй салынып, 2018 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,5 пайызға өсті.
Бүгінде аудан орталығындағы жаңа аймақта құрылыс жұмыс­тары қарқынды жүруде. Бұл аудан атқамінерлерінің толымды жұ­мысының нәтижесі.

Майя ҚОЖАБАЙ

27 шілде 2019 ж. 721 0