ТӨСБЕЛГІ ҚҰНЫНЫҢ ҚҰДІРЕТІ

Құрылысшылар күні қарсаңында сала мамандары мен ардагерлерін аудан әкімінің орынбасары Е.Ахетов қабылдап, мерекемен құттықтады.
– Кейінгі жылдары бүкіл руспублика бойынша, оның ішінде Сыр өңірінде, Сырдария ауданындақұрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Сіздерді осы ауқымды саланың серпінді дамуына, аудан халқының тұрмыс деңгейінің артуына айтарлықтай еңбек сіңіріп жүрген өз ісінің хас шеберлері десек, артық айтқандығымыз емес, – деді Ерлан Дәуітбекұлы. Өз кезегінде Қазақстан Республикасының Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істері Комитетінің «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» төсбелгі медалімен еңбек ардагері Төлеу Сүлеймен, облыс әкімінің алғыс хатымен Сырдария ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы өндірістік бөлімшесінің автокөлік жүргізушісі Сағатбай Сейпулов, аудан әкімінің Алғыс хатымен «Нұрай-Ақжол РГ»жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ерлан Оспанов, инженері Руслан Қалабаев, Aisar-Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Айбол Срайлов, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің әдіскері Бақытжан Нұрпейсов, есепші Айжан Бекжанова марапатталды. Талай жыл құрылыс саласында қызмет етіп, ауданның қалыптасуына өзіндік үлесін қосқан сала ардагерлеріне сый-сияпат табысталды. Ардагер Төлеу Сүлеймен сөз алып, өткен ғасырдың бел ортасында аудан өміріне тікелей атсалысып, сәулеті келіскен ғимарат тұрғызуға азаматтардың еңбегі сіңгенін жеткізді. Әлі күнге халық игілігіне жараған ғимараттардың сапалы тұрғызылуына септігі тиген әріптестеріне мерекелік лебізін білдірді.
Б.ОРДАБЕКОВ