Талап қатаң сақталады
Пандемия басталғаннан бері адамзат өміріне түбегейлі өзгеріс енді. Қазіргі уақытта елімізде шектеу шаралары енгізіліп, жаңа дағдыларға тұрғындар біршама үйреніскен. Карантин талаптарын сақтамаған жандарға арнайы шара көріліп, жауапқа тартылуда. Апта ағымында аудан әкімінің міндетін атқарушы Димаш Байдушев мониторингтік топ мүшелерімен бірге ауданға қарасты елді мекендер мен Тереңөзек кентін аралады.
Тәулік бойы арнайы мониторингтік топ мүшелері тұрғындарға түсіндірме жұмысын жүргізді. Үй жағдайында өткізілетін той-томалақ, ас, құдайы жиындарына шектеу шаралары сараланды. Отбасылық жиындарда көп адамның шоғырланбауына жол бермеу керектігі ескертілті. Әр ауылдың эпидемиологиялық ахуалына көңіл бөлініп, ҚР бас санитар дәрігерінің қаулысы таныстырылды. Індет өршіген мезетте кәсіпкерлік нысандарының жұмыс тәртібі қадағаланып, түсіндірме жұмысы жүргізілді. Ара-қашықтықты сақтай отырып, тұтынушыдан бетпердені киюді талап ету, қолды жуу, тауарлардың бетін ашық қалдырмау секілді ережелерді ұстану керектігін сала мамандары түсіндірді.
– Аудан бойынша 16 мониторингтік топ жұмыс жасайды. Тәулік бойы санитарлық талаптарды сақтауға байланысты рейд жүргізіледі. Кезекті рейд барысында ауданға қарасты Тереңөзек кентімен бірге, Асқар Тоқмағамбетов, Сәкен Сейфуллин, Қалжан ахун, Шаған, Нағи Ілиясов, Шіркейлі, Қоғалыкөл ауылдарын аралап көрдік. Аталған ауылдарда құқық бұзушылық орын алған жоқ. Бұл ретте, аудан тұрғындарының елдегі ахуалға түсіністікпен қарап, санитарлық ережелерді қатаң сақтағаны қуантады. Адам көп шоғырланатын жиындарды өткізбеуге көпшілікті шақырамыз. Жақындарымызды қауіпті індеттен қорғап, коронавирусты өмірімізден алыстатайық. Әрбіріміз тәртіпке бағынып, індеттің өршуіне жол бермейік, – деді аудан әкімінің міндетін атқарушы Д.Байдушев.
Балтабай ОРДАБЕКОВ