Карантин кәсіпкерлікке қалай әсер етуде?
Коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты елімізде төтенше жағдай енгізіліп, одан кейін карантиндік шектеу талаптары орнағаны белгілі. Індеттің алдын алу бағытындағы мұндай шаралардың экономикаға кері ықпалы тигені айқын. Карантин шаралары кәсіпкерлерге де біраз қиындық тудырып, дағдарыс салдарын шағын және орта бизнес саласы қатты сезінді. Осы орайда, «Карантин кәсіпкерлікке қалай әсер етті?» деген сауалға жауап іздеп көрелік.
Алдымен карантиндік шектеу талаптары кезеңінде қандай өзгерістер болғанына тоқталсақ. Жұқпалы індет тарағанда шектеу шаралары қатаң жүзеге асырылды. Соның әсерінен қашықтан жұмыс жасау жүйесі енгізіліп, кәсіпкерлік объектілердің жұмысы тұралап қалды. Оның ішінде, азық-түлік сауда нысандарынан басқалары жұмысын уақытша тоқтатты. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жеңілдік жасалып, салықтан босатылды. Десе де, өндіріс орындары мен шағын және орта кәсіпкерлік саласында экономикалық шығын қалыптасып, жұмыс жүрмеген соң кейбірі дағдарысқа ұшырады.
– Қауіпті кесел тараған кезеңде бекітілген Қаулыға сәйкес жұмыс істедік. Онда азық-түлік дүкендерін белгіленген уақытпен ашуға ғана рұқсат етілді. Күшейтілген санитарлық-дизенфекциялық шараларды сақтап, қазірдің өзінде сол негізде сауда жүргізіп келеміз. Алғашында азық-түліктің жетіспеушілігі сезілген болатын. Жолдар жабылғанда ауданға азық-түлік жеткізуде мәселе туындады. Кейіннен карантин талаптары бірте-бірте жеңілдетіліп, бұл мәселе өз шешімін тапты. Жалпы карантиндік шектеу шаралары кәсіпкерлерге оңай тиіп отырған жоқ, – дейді саудагер К.Обашканова.
Бүгінде ашық алаңда сауда жасайтын кәсіпкерлік нысандарға, азық-түлік сатушыларға рұқсат етілген. Ал сұлулық салоны, шаштараз, жабық сауда нысандарының жұмысы уақытша тоқтап тұр.
– Індетке байланысты карантин тағы да созылып жатыр. Жағдай әр апта сайын өзгеруде. Сол шектеу талаптары әсерінен жұмысымыз тоқтап қалды. Біздің кәсібіміз, яғни шаштараз жұмысы – гигиеналық сақтықты талап етеді. Бүгінде жұмысымыз жүрмеген соң табысымыз азайды. Карантиндік шектеу шаралары кәсіпкерлікке кері ықпал етіп жатқаны анық, – дейді шаштараш Д.Таңсықбаев.
Шектеу шаралары тағы да екі аптаға созылды. Мұның да кәсіпкерлікке кері ықтималдығы бар. Дегенмен, қазіргі таңда қатаң шектеу талаптары сақталмаса, індет өрши түседі. Сондықтан ортақ талапқа баршаның мойынсұнғаны жөн.
Экономиканың драйвері саналатын кәсіпкерлік саласын дамыту тұрғысында мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау болады. Қазірдің өзінде уақытша тоқтап тұрған кәсіпкерлік нысан қызметкерлеріне әлеуметтік жәрдемақы төленуде. Уақытша кезең еңсерілгенде кәсіпкерлік өркендейтіні сөзсіз.