Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жем-шөп жәрмеңкесі өтті

Жем-шөп жәрмеңкесі өтті

Биыл ата кәсіп саналатын мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан Сыр халқы ерекше қиындыққа тап келді. Ерте көктемдегі судың жетіспеуі, жаз ортасында Сырдария суының сарқылуы қуаңшылыққа әкеліп соқтырды. Соның салдарынан малға азық тауып беру мұқым елдің мұңына айналды. Әсіресе, Арал, Қазалы аудандарында төрт түлікке жем-шөп тауып беру бүгіннің өзінде өзектілігін жойған жоқ.

Осындай жағдайларды ескере отырып, сырдариялықтардың да мал азығын ерте қамдағаны жөн-ақ. Өйткені, алда қандай жағдайдың болары белгісіз. Сондықтан қыс азығын жаз қамдауға кірісіп, бұл ретте қорадағы түлікке қажетті жем-шөпті де осы кезден даярлап алған дүрыс. Осыған байланысты өткен сенбіде «Жалын» ты­нығу лагерінің кіреберісінде мал азығын даярлау және жем-шөпті қол жетімді баға­да тұрғындарға жеткізу мақсатында жәрмеңке өткізілді. Жәрмеңкеде ауданға қарасты барлық елді мекеннен жеткізілген мал азықтық жем-шөп қолжетімді бағада сатылды.

– Жәрмеңкеге елді мекендерден 6 кө­лік жоңышқа, 13 көлік қамыс шөп, 2 кө­лікпен жем жеткізілді. Барлық мал азығы нарықтағы бағадан 10-15 пайызға арзан. Мал азықтық жем-шөп сату жәрмең­кесінде жоңышқаның пресі 500 теңге, қамыс шөбінің пресі 250 теңге, жем азығының келісі 60 теңгеден сатылды. Қазіргі жағдайда мал азығын жинақтау үшін халыққа бар мүмкіндік жан-жақты қарастырылып жатыр – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Әзірбек.

Иә, дәл қазіргі уақытта көпшілік мал асырауды кәсіп еткен. Сондықтан шөп престеле бастағаннан жұртшылық оны қорасына түсіруге асығады. Биыл шөптің тапшылығын ескерсек, мал азығын тауып беру де оңай болмайтын сыңайлы. Десе де ұйымдастырылған жем-шөп жәрмеңкесінің бұл ретте тигізер пайдасы зор.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
27 шілде 2021 ж. 634 0