Молшылық мерекесі
Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында Қызылорда қаласында Астана даңғылының бойында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жаңа жылдағы жәрмеңкеде сырдариялықтар ауыл шаруашылығы өнімдерін қала тұрғындарына арзан бағада ұсынды.
Облыс орталығындағы жәрмеңке бір жерде ұйымдастырылып, оған аймақтағы аудандардан азық-түлік, бақша дақылдары, ет-сүт, балық өнімдері жеткізілді. Тиісінше, Сырдария ауданынан 10 көлікпен күріш, картоп, сәбіз, ет, сүт, балық, жем жеткізіліп, нарық бағасынан төмен бағада сатылды. Әдеттегідей, жәрмеңкеде «Абзал және К» ТС мен «Абай-Дәулет» ЖШС-нің ақ күрішіне көпшілік сұранысы мол болды. Сондай-ақ картоп, сәбіз, ет өнімдері түске дейінгі уақытта өтіп кетті.
Ұлық мерекеге орай ұйымдастырылған жәрмеңкеде қала тұрғындары өз ризашылықтарын білдірді.
– Жыл сайын күзгі жәрмеңкеде қажетті азық-түлікті молынан алып аламыз. Ол осы көктемге дейінгі уақытта таусылады. Ал Наурыз мейрамында ұйымдастырылған жәрмеңке тағы да азық-түлік қорымызды толықтырып алуға септігін тигізді. Наурыз – молшылық мерекесі екенін сезініп жатырмыз. Өзім Сырдария ауданының ақ күрішін жыл сайын аламын. Бүгін де сырдариялықтардың күрішін сатып алдым. Мерекені берекеге айналдырған жандарға алғысымды айтамын, – дейді қала тұрғыны Н.Тұрлығұлова.
Ұлыс күнінде өткен жәрмеңкеде жұртшылық бір-біріне игі тілектерін жеткізіп, молшылық мерекесінің игілігін көрді.
Ердос БЕРКІНБАЕВ