Тасаттық берді
Жақында ауданда ұзақ жылдар бойы жолаушылар тасымалымен айналысып келе жатқан такси жүргізушілері игілікті іске мұрындық болды. Олар жол апатының көбеюі мен қуаңшылыққа байланысты тасаттық берді.
Тасатық амалы 100-ге жуық көлік жүргізушісінің қолдауымен жүзеге асты. «Қызылорда-Жалағаш» тас жолының Тереңөзек кенті аумағында құрбандыққа мал шалынып, әруақтарға Құран бағышталды. Имам Жетпіс Асықбаев қиын-қыстау кезеңде оқылатын дұға-тілектерді арнап, көпшілікке уағыз айтты. Алла Тағаладан амандық-саулық тілеп, апаттың орын алмауын сұрады. Облыс халқын әбігерге салған қуаңшылық мәселесінің оңынан шешілуіне жиналғандар тіліктестік білдірді. Су тапшылығы мен мал азығының жоқтығы сырдариялықтардың қабырғасын қайыстырғаны рас. Теріскейдегі ағайын қиындыққа тап болғанда бірқатар азаматтар ел бірлігі жолында ұйыса білетіндіктерін дәлелдеді.
– Көптеп бері халықтың көңілі құлазып, жекелеген отбасыларда жол апатынан қайғылы жағдай орын алуда. Үнемі жол үстінде жүргендіктен адам өмірі үшін алаңдаймыз. Жауапкершілікті сезінеміз. Қазақта «Біреу – біреуге сүйеу» деген тәмсіл бар. Осындай ел басына күн туғанда қолұшын созу – міндетіміз. Қазіргі уақытта солтүстік аудандарда мал азығы түгесіліп, жергілікті тұрғындар жылдар бойы жинаған төрт-түлігінен айырылуда. Мұндай жағдайда бір-бірімізге демеу болу – басты парыз. Сыр диқандарының алажаздай еткен еңбегі ақталып, қамбаға молынан астық толсын. Бірнеше айдан бері су тапшылығына қарамастан елеулі еңбек еткен азаматтарға алғыс айтамыз. Әлемдегі әбігерге салған індеттен аман болайық, – дейді аудан тұрғыны Еркін Ертісұлы.
Айта кету керек, такси жүргізушілері тұрмысы төмен 4 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетті. Арнайы мекен жайларына барып, азық-түлік табыс етті. Өз кезегінде қайырымды жандарға тұрғындар ризашылығын білдірді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ