Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарияларға – құрмет

Қарияларға – құрмет


Қарттар күніне орай аудандық «Тіршілік тынысы» газеті редакциясының ұжымы ардагерлерге ақ дастархан жайып, құрмет көрсетті.
Ауданның баспасөз саласында абыройлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан аға буын өкілдерінің жасы ең үлкені, ақын Мұхтар Сақтапов болса, ағаның өкшесінен басып келе жатқан, биыл 80-нің сеңгіріне шыққан Сергей Тоқсанбаев. Мерекелік басқосуда газеттің бас редакторы С.Ерімбет мерейтой иесіне құттықтау адресатын тапсырып, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты. «Сыр Медиа» басшылығының барлық ардагерге арналған мерекелік ақшалай сыйлығын табыстады. Қарттарымыздың бір кезде халыққа жасаған игі істері туралы айтты.
– Қазіргі кезде біздің елімізде қарттарымыздың өмір сүру дағдыларын өзгерту, денсаулығын жақсарту, үнемі дене қимылымен айналысу, спортпен шұғылдану секілді шараларға қатыстыруға үлкен мән беріп, көңіл аударып, жан-жақты қамқорлық жасалуда. Бүгінгідей айтулы күні қарттарымызды құттықтап, сый-сияпат жасау біздің парызымыз. Сіздердің еңбектеріңіз, өмір жолдарыңыз бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына, – деді С.Сұлтанқызы
М.Қалмұратұлы, ардагер: – Аудан баспасөзі қашанда елдің көз алдында. Осы мекемеден зейнеткерлікке шықсақ та, ұжыммен байланысымыз үзілген емес. Төл мереке, наурыз тойы, қарттар күні ұжым бізді ерекше құрметке бөлейді. Осындай басқосуда бір-бірімізді көріп, жастарымыз өнегелі әңгімелер тыңдайды. Редакцияда болып жатқан игі істерден үнемі хабардар болып отырамыз. Бізді қуантатыны «Сыр Медиа» басшылығының қандай ұсынысты да қабылдап, оның іске асуына мұрындық болып отыруы. Оған бүгінде жүріп жатқан қосымша бөлме қосу жұмыстары дәлел бола алады. Қарттарды қадірлеп, жыл сайын сыйлық беріп отырады. Осының бәрі үлкен бір ұжымның ауызбірлігінің көрінісі.
С.Тоқсанбаев, ардагер: – Қарттарды сыйлап, өзіме үлкен ілтипат көрсеткен ұжымға алғысым шексіз. Қарт адам – құт-береке. Еңбектің зейнетін көріп отырған біздер әр мереке сайын қамқорлықты сезінеміз. Өркендерің өсіп, халықтың батасын ала беріңіздер.
Үлкендерді сыйлап, аға буын өкілдерінің ықыласына бөленген редакция ұжымы қарттардың ақ батасын алды.


Б.ЖАНӘЛІ
09 қазан 2018 ж. 996 0