Тәжірибесі толысқан басшы
Аудандағы дербес бөлімдердің ішінде аудандық ішкі саясат бөлімінің алатын орны ерекше. Барлық сала жұмысын идеологиялық тұрғыда ұтымды үйлестіріп, қоғам мен билік арасында алтын көпір болып келе жатқан бөлімнің атқарып жатқан жұмысы ауқымды. Мемлекеттік қызметшілер күніне орай бөлім басшысы Әлимаш Мырзахметова туралы жазуды жөн көрдік.
Мемлекеттік қызметте мерейі үстем Әлимаш Залқызы биыл асқаралы алпыс жасқа толады. Еңбек жолын білім саласында бастаған ол бүгінгі күнге дейін аудандық деңгейдегі қос бөлімді абыроймен басқарып, жауапты қызметтерді нәтижелі атқарды. Соңғы он жылдан бері аудандық ішкі саясат бөлімінің тізгінін ұстаған мемлекеттік қызметші – білікті басшы ғана емес, іскер ұйымдастырушы. Оның дәлелі ретінде ауданды басқарған әкімдердің бастамаларының, жоспарларының, жұмыстарының қоғам арасында орнықты деңгейде қабылдануын, идеологиялық-имидждік жұмыстардың жемісті жүргізілуін және ішкі саяси тұрақтылық пен бірегейлікті қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстарды айтуға болады.
Тәжірибесі толысқан мемлекеттік қызметші өз жұмысында екі ұстанымға ерекше басымдық береді. Оның біріншісі – әр жұмысты уақытылы атқару болса, екіншісі – сапалы аяқтау. Осы екі мақсат Әлимаш Мырзахметованы ешқашан жерге қаратқан жоқ. Әріптестерінен де талап ететіні осы. Кейіпкерімізге ұстаздық қызметтен мемлекеттік қызметке ауысу оңай болмағаны анық. Бірақ, басшылық тарапынан сеніп тапсырылған міндет пен жауапкершілікті терең сезінген жан барлық жұмысты игеріп кетті. Бұл оның талапшылдығы, өз міндетін орындауда тек тәртіпке сүйенетіні болса керек-ті.
– Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының орыс тілі және орыс әдебиеті факультетін бітіргеннен кейін, Жаңақорған ауданындағы №224 Өзгент орта мектебінде мамандығым бойынша оқушыларға дәріс бердім. Белсенділігімнен шығар, небәрі 29 жаста мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалдым. 1994 жылы Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталуым білім саласындағы көп жетістігімнің ең маңыздысы деп білемін. Кейін Тереңөзектегі №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінде мұғалім, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқардым. Мемлекеттік қызметке ауысу жөнінде шешімді №210 О.Әбілпаттаев атындағы мектеп директорының орынбасары кезімде, яғни 2006 жылы қабылдадым, – дейді 2006-2011 жылдары аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін басқарған Әлимаш Мырзахметова.
Негізі, егемен еліміз гендерлік саясат бойынша нәзік жанды қыз-келіншектерге көп қолдау көрсетуде. Отбасы мен қоғамдық қызметті абыроймен атқарып жүрген Әлимаш Залқызы «білімге ұмтылған, ізденіске иек артқан әрбір азамат жетістіктерді бағындыра алады» дейді. Өзі де отбасында алған тәрбиесі бойынша тек тазалықты, әділдікті жақтайды. Көзінде от, кеудесінде жалын бар жастарды қолдағанды, жас мамандарға бағыт-бағдар бергенді жөн санайды. Қай қызметті атқарса да аға буын өкілдерінің пікірін ескеріп, әріптестерімен ақылдасып отырады. Ал үйде ұл-қыздарына, немерелеріне тәлімді тәрбиесін өнеге етіп, аналық ақыл-кеңесін беріп келеді.
Әлимаш Мырзахметовамен бірге мемлекеттік қызметте еңбек еткен аудан басшылары оның іскерлігін, жасампаз идеяларға бай екенін, үлкен-кішімен тез тіл табысып, ортақ мақсат жолында аянбай жұмыс істейтінін жоғары бағалайды. Ал өзі қатарлы әріптестері кейіпкеріміздің талапшылдығын, әр істің ретін табатынын үлгі етсе, кейінгі толқын жастар өздеріне ақылшы ұстаз тұтады. Ол ауданымыздағы өзге ұлт өкілдерінің сенімді серігі, жақсылыққа ұмтылған жастардың қолдаушысы. Ерекшелігі сол, мемлекеттік қызметшіні республикалық және жергілікті деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ерекше құрметтейді. Сыйластыққа негізделген құрметтің талай мәрте куәсі де болғанбыз. Мысалы, танымал журналист Миуа Байназарова кейіпкеріміздің өз жұмысына деген жауапкершілігін айтады.
– Кейде Әлимашты үйден гөрі жұмыста көп уақытын өткізетін шығар деп ойлаймын. Себебі, қашан хабарлассақ та жұмыста отырады, іздеп келсек те жұмысынан табылады. Көп сапарларда, жиналыстарда бірге болдық, пікірлестік. Ол өз міндетіне адал, тәжірибесі толысқан басшы ретінде зор құрметке ие. Ер азаматтармен қатар еңбек етіп, абыройға кенелген замандасымыздың жұмысына жеміс тілеймін, – дейді Миуа Байназарова.
Білікті басшы – отбасында аяулы ана, ардақты әже. Ұлы Ерболат аудан орталығындағы №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебінің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі болса, қызы Эльвира – №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектебінің әлеуметтік педагогі. Немерелерінің үлкені бастауыш сыныптың үздік оқушысы болса, кейінгілері – балабақшаның тәрбиеленушісі. Олар әжесінің, ата-анасының сенімі мен үмітін ақтауды өздеріне парыз санайды. Кейіпкеріміз де «барым да, нарым да ұрпақтарым» дейді.
– Әйел адамға мекеме басқару оңай емес. Үйдегі аналық міндетті де ұмытуға болмайды. Мемлекеттік қызмет саласын таңдап, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесімді қосқанымды мақтаныш етемін. Бүгінгі күнге дейін алған марапаттарым әріптестеріммен бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесі деп білемін. Сондықтан маған сенім артқан басшыларға алғысымды айтамын, бірлесе еңбек еткен әріптестеріме ризашылығымды білдіремін, – дейді Әлимаш Мырзахметова.
Мерейі үстем мемлекеттік қызметшінің жауапты жұмысына жеміс тілеп, кәсіби мерекесімен құттықтаймыз!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ