Білікті басшы, іскер ұйымдастырушы
Аудан әкімі аппаратында алты бөлім бар. Оның ішінде бес бөлімді ер азаматтар басқарса, бір бөлімге жаны нәзік болса да қайратты, қайсар, талапшыл маман ретінде танылған Гауһар Темірбекқызы басшылық жасайды. Ол басқаратын бөлім әкімдіктің жүрегі. Себебі ұйымдастыру және инспекторлық жұмыс бөлімінің араласуынсыз ешқандай жиналыс өтпейді, ешбір іс-шара ұйымдастырылмайды. Осыдан-ақ бүгінгі кейіпкеріміздің мемлекеттік қызмет саласында абыройлы орны бар екенін аңғаруға болады.
Уақытпен санаспай еңбек ету жанашыр, патриот адамның ғана қолынан келеді. Бұл ретте Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің түлегі Гауһар Қонақбайды жұмысқа берілген білікті басшы, іскер ұйымдастырушы десек қателеспейміз. Себебі ол өзінің еңбек жолында ізденісті серік етіп, мемлекеттік қызметтің мерей-мәртебесін көтеру бағытында жемісті жұмыс жасап келеді. Бір мекемеде қызмет атқарған бұрынғы әріптесі ретінде аңғарғаным, ол кейде еңбек демалысындағы кездерінде де жұмыстан табылатын. Мұнысы ортақ абырой үшін жауапкершілік танытуы деп білемін.
Білімділік пен біліктілікті ұштастырған мемлекеттік қызметші Гауһар Темірбекқызының еңбек жолы аудандық газет редакциясында басталған. Ал газеттің жұмысы саналуан тақырыпты, бағытты қамтитыны белгілі. Ол іргелі ұжымда тәжірибе жинақтап, білімін жетілдіргеннен кейін аудан әкімдігіне жұмыс ауыстырған. Мұнда да талап жоғары екені белгілі. Әсіресе жас маманның алдынан кездесетін сынақтар көп. Бірақ белсенділікті ту етіп, тапсырылған жұмысты тиянақты орындайтын Гауһар Темірбекқызы бәрін еңбекпен, ізденіспен еңсерді. Алғашында қабылдау бөлмесінің меңгеруші болған ол кейіннен аудан әкімі аппаратының жалпы бөлімінің жетекші маманы, құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы қызметтерін абыроймен атқарды. Сондай-ақ 2011-2014 және 2015-2018 жылдары аталған бөлімнің басшысы болды.
Ерекшелігі сол, құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің жұмысы таңертеңнен кешке дейін бір сәтке де тоқтаусыз жүреді. Өйткені аудан әкімдігіне келетін хаттар ешқашан толастамайды. Президент Әкімшілігінен бастап Үкіметтен, министрліктерден, облыс әкімдігі мен басқармалардан келетін хаттардың бәрін кірістеп, бірінші басшының назарына ұсынып, оның орындалуын, уақытылы жауап берілуін қамтамасыз ету, бақылау осы бөлімнің міндеті. Арыз-шағымдар мен өтініштерді тіркеу, жеке және заңды тұлғалар өкілдерін қабылдауды ұйымдастыру да аталған бөлімнің құзіретіне кіреді. Мұндай жауапты жұмысты тек жауапкершілігі жоғары маман ғана атқара алады. Бірақ білікті басшы бәрін өзім істедім деуден аулақ. Ол барлығын бірлесе атқардық дейді.
– Бір маманның өзі ештеңе істей алмайды. Жұмыстың барлығы көпшілікпен бітеді. Мысалы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын ілгерілету бағытында іс-шаралар жоспарын қабылдаймыз. Сонда аудандағы барлық бөлім, мекеме, ауыл әкімдіктеріне бірдей міндет жүктеледі және бірге атқарамыз. Бір мақсатта жұмыс жасау, бірлесе еңбек ету ауданымызда қалыптасқан үрдіске айналды. Мемлекеттік қызметтің де мақсаты осындай жүйеге бағытталған, – дейді ол.
Айта кету керек, Гауһар Қонақбай бүгінде аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық жұмыс бөлімінің басшысы қызметін атқарып келеді. Ол бұл қызметке 2018 жылы тағайындалған. Сол жылы ауданның айтулы 90 жылдық мерейтойы аталып өтілгенін және аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық жұмыс бөлімінің әкімдіктің жүрегі екенін ескерсек, бөлім басшысының барлық міндетті абыроймен еңсергенін байқауға болады. Нәтижесінде еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Ол «Сырдария ауданының 90 жылдығы» мерекелік медалінің иегері атанды. Мұнан бөлек те марапаттары көп. Атап айтар болсақ, 3 мәрте облыс, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталған. Облыстық мәслихаттың, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің, Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының, Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының төрағасының Алғыс хаттарын да алған. Бұл қажырлы еңбектің лайықты бағалануы.
Білікті маман Гауһар Темірбекқызымен кейде ауданның дамуы және болашақ жоспарлары жөнінде пікірлесе қалсақ, көптеген орнықты ойларын ортаға салады. Ауданның даму белестері, мемлекеттік қызмет саласының жетістіктері жоғары екенін айтады. Бағындырған белестерді мақтанышпен жеткізеді. Бұл оның ауданды, өзі өскен, білімді маман, білікті басшы атанған ортаны бағалай білетіні деп қабылдаймыз. Абыз Әбіш айтқандай, «бағалай білгенге бақ қонады». Ендеше, мемлекеттік қызметтің мерейін көтеріп жүрген маманға біз де сәттілік тілейміз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ