Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әкімдік және аппарат мәжілісі өтті

Әкімдік және аппарат мәжілісі өтті

Бүгін аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен әкімдік және аппарат мәжілісі өтті. Әкімдік отырысының күн тәртібінде 2 мәселе қаралды. Жиынға аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, «Nur Otan» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Е.Жақып, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары мен ауыл әкімдері қатысты.

Әкімдік отырысының күн тәртібіндегі бірінші мәселе ҚР халқының ұлттық санағына дайындық жұмыстары туралы аудандық статистика басқармасының басшысы С.Төлегенов баяндады. Басқарма басшысы 2021 жылдың 1 маусымынан халық санағының бірінші немесе дайындық кезеңі басталғанын, кезекті ұлттық халық санағының ұраны «Қазақстанда әркім маңызды!» екенін жеткізді. Биылғы санақтың басты жаңалығы – санақты өткізу процесін автоматтандыру және оған заманауи сандық технологияларды енгізу екенін айтып, ауданда уақытша санақ персоналына 3 нұсқаушы, 1 нұсқаушы-бақылаушы, 8 интервьюлер тартылғанын атады.

Бұл мәселеге қатысты аудан басшысы санақ жұмыстарын сапалы жүргізіп, кент және ауылдық округтер бойынша көше атаулары, пәтерлердің, саяжайлардың нөмерлерін ретке келтіру және тұрғын жайларды аншлагпен қамтамасыз ету жұмыстарын толығымен аяқтауды тапсырды.

Келесі кезекте салық базасын ұлғайту мәселесі қаралып, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы А.Жүсіпов хабарлама жасады. Басқарма басшысы 5 айдағы мемлекеттік, жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің болжамды орындалуын мәлімдеді. Сондай-ақ, заңды және жеке тұлғалардың мүлік, жер, көлік салығы түсімдерінің орындалуы жөнінде ақпарат берді. Хабарламашы мүлік салығына қатысты кент және ауыл әкімдері жаңадан салынған нысандарды түгендеу, мемлекеттік тіркеуге қою жұмыстарын жеделдету керектігін ұсынды. Бұл өз кезегінде салық түсіміне оң әсер ететінін атап көрсетті.

Аудан әкімі М.Ергешбаев салықтардың, оның ішінде кейбір елді мекендерде қордаланған көлік салығын түсіруге қатысты тапсырма жүктеді.

Әкімдік отырысынан кейінгі аппарат мәжілісінде жаппай кәсіпкерлікті дамыту мәселесі қаралды. Бұл жөнінде аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Е.Ахетов хабарлады.
Аудан бойынша 2021 жылдың 1 мамырына 2514 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, оның ішінде жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 2314. Жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің тіркелгендерге үлесі 92,0 пайызды құрайды. Жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға артқан. Бөлім басшысы мемлекеттік бағдарламалар аясында әрбір ауылда кәсіпкерлік бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды тізбектеп көрсетті. Кейбір елді мекендерде 5 ай көлемінде бірде-бір жоба қаржыландырылмағанын атап, кәсіпкерлікті дамыту керектігіне тоқталды.

Аудан басшысы ауыл әкімдерінің жұмысы кәсіпкерлікті өркендетумен өлшенетінін жеткізді.

– Елдегі саяси ахуалды тұрақты сақтау үшін жұмыссыздықты азайтып, салық базасын нығайту керек. Ол үшін ауданда бірінші кезекте кәсіпкерлікті қарқынды дамыту қажет. Бүгінгі күні кәсіпкерлік саласын дамытудың маңыздылығы басты орында тұрғынын жақсы білесіздер. Сондықтан жұмыстарыңыз осымен бағаланады, – деген аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы тиісті тапсырмаларды берді. Жұмысшы топ құрып, жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізуді жүктеді.

Аудан әкімі аппарат мәжілісінің күн тәртібіне қосымша кент және елді мекендердің санитарлық тазалық жұмыстары мен мерзімді баспасөзге жазылу мәселелеріне тоқталып өтті. Кент және ауыл әкімдеріне елді мекендердің санитарлық тазалығына жауапкершілікпен қарауды айтты. Сондай-ақ, мерзімді баспасөзге жазылуды 2021 жылдың жылдың 20 маусымына дейін аяқтауды жүктеді.

Жиын соңында тиісті бөлім, мекеме басшылары мен кент және ауыл әкімдеріне хаттамалық тапсырмалар берілді.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
09 маусым 2021 ж. 567 0