Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мал иелері малдарына еге болуы қажет

Мал иелері малдарына еге болуы қажет

Аудан орталығы Тереңөзек кенті ортақ үйіміз, тәу етер киеміз болғаннан кейін оның сәулетті, таза, жинақы, бір сөзбен айтқанда "мынауский" болып тұрғанын қалаймыз. Ортақ жауапкершілікті талап ететін бұл ұғымдардың қоғамда салтанат құруына кенттің әкімі ғана емес, барлық тұрғын жауапты екені анық. Алайда, кейбір тұрғындар бұған мән бермей, кенттің көрікті келбетінің шырайын бұзып, мәдениетсіздік танытуда. Бүгін сол туралы өз ойымды жазып, пікір бөліскім келді.

Тазалық туралы көзқарасымыз бен ұстанымымызды өткен жолы жаздық. Жабыла жақтап, өте дұрыс деген пікір білдірушілердің қарасы қалың болды. Расында да әркім өз үйінің ауласын, көше жақ бетін тазалауы, шөптерін шабуы, қоқыстарын жинауы қажет. Мекеме қызметкерлері тазалап береді деген түсініктен арылуға тиістіміз. Ендігі маңызды мәселе мал иелері малдарына еге болса... Өйткені, кенттің орталығында, тіпті орталық алаң маңайында ірі қара малдары өріп жүр. Бұл барып тұрған бейберекетсіздік, немқұрайлылық, салғырттық.

Ешкімге мал бақпа демейміз. Бағыңыздар, ағарған ішіңіздер, байыса қазақ байысын. Бірақ, малдарыңызды қоғамға зиян тигізбейтіндей деңгейде бағыңыздар. Әсіресе, орталықта тұратын тұрғындар малдарын кент көшелеріне жаюды доғарып, өріске айдауы қажет. Өрістен келер уақытта күтіп алып, қораға тез кіргізуге де мән бергеніміз дұрыс. Орталық алаң маңына дейін жайылып жүрген мал иелерінің мәдениетіне менің көңілім толмайды. Олар мәдениетті болса, қоғамды ластамас еді, жеке жауапкершілік танытар еді.

Ескерте кететін жайт, кентті ластап, иесіз жүрген төрт-түлік мал иелеріне 20 маусымынан бастап заң аясында шара көріледі. Кент әкімдігінің хабарлауынша, малдар қораға қамалады және сырғасы арқылы егесі анықталып, оларға айыппұл салу жұмыстары жүргізіледі. Мұның бәрі Сырдария ауданының кент және ауылдық округтерінің 2020-2021 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарларын бекіту туралы аудандық мәслихаттың аудандық мәслихатының 2020 жылғы 3 шілдедегі № 417 шешімі бойынша жүргізіледі. Аталған шешім Қызылорда облысының Әділет департаментінде 2020 жылғы 9 шілдеде №7562 болып тіркелген.

Осы шешім бойынша Сырдария ауданына қарасты елді мекендерде жануарларды асырау қағидалары аудан аумағында жануарларды асырау тәртібімен белгіленеді. Қағидалар меншiктiк нысанына қарамастан, жануарларды асырайтын барлық жеке және заңды тұлғаларға қолданылады. Қорыта келе, айтарым қоғамдағы тәртіп барлығына бірдей екендігін ескеретін кез келді.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ 
18 маусым 2021 ж. 380 0