Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кент – аудан айнасы

Кент – аудан айнасы

Тереңөзек кенті – Сырдария ауданының айнасы. Ауданға келген қонақтар ауданның тыныс-тіршілігін, даму деңгейін, тұрғындардың тұрмыс-салтын кенттің келбетіне қарап біледі. Ауылдық округтермен салыстырғанда кенттің жұмысы өте ауқымды, шешуін күткен мәселе де көп. Дегенмен соңғы жылдары кентті дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Ол тұрғындардың көз алдында. Аудандық басылым арқылы кент тұрғындарына қоғам үшін қажетті және бірлесе атқарылатын жұмыс жөнінде ой бөлісуді жөн көрдім.
Әрине, жылдың қай мезгілі болмасын кент әкімі аппаратының қыз­меткерлері тұрғындардың игі­лігі мен қолайлы өмір сүруі үшін тынбай еңбек етіп келеді. Күннің ыстығында жұмысшылар гүлзарларды суарып, баптаса, күннің суығында қар­ күреп, жолдарды тазартады. Мұ­нан бөлек қоғамдық орын­дағы таза­лықты қамтамасыз ету бағы­тын­да да күнделікті жұмыс жүргі­зілуде. Көшедегі, әсіресе көп қабатты тұрғын үйдің маңындағы қоқыс таңертеңгілік тазартылып, ар­найы полигонға апарылу­да. Бұл жұмыстың қиындығы мен ауыр­лығын тек сол жұмысты атқарған адам ғана түсінеді.
Жыл сайын кент орталығында сенбілік қарқынды түрде жүргі­зілетін. Биыл төтенше жағдайға бай­ланысты сенбілік кейінге шеге­рілді. Бұл кенттің тазалығына тіке­лей әсер етіп, жұмысшылардың жұмыс жүктемесі де артты. Десе де біз өз міндетімізді сапалы әрі уақытылы орындау үшін аянбаймыз. Осы ретте айтпағымыз – кенттің кейбір тұрғындарының тазалыққа немқұрайлы қарайтындығы. Қо­қыс­ты кез келген жерге төге салу, күл үйінсін көше бойына жинап қою, мал қорадан шыққан көңді де орынсыз жерге төгіп, ластауы – кенттің келбетіне кері әсер етуде.
Аудандық полиция бөлімімен бірлесіп санитарлық тазалықты қам­­­­тамасыз ету мақсатында рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруды қолға алдық. Тұрғындарға түсіндірме жұ­­­­мыстарын жүргізіп, қоғамдық ой-сананы жаңғырту бағытында іс-­шара ұйымдастырылды. Бұл іс­ке аудандық тауарлар мен көр­сетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бас­­­­­­­­қар­­масы мен аудандық редакция қызмет­керлері де үлес қосып ке­леді. Мұнан бөлек «Таза аула» байқауы да өтті. Ауласын таза ұс­тап, көр­ші-көлемге үлгі көрсетіп жүр­ген отбасылар қоғамдық комиссия мүшелерінің ұсынысымен аудан әкімінің Алғыс хатымен және бағалы сыйлықпен марапатталды. Алдағы уақытта да мұндай іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.
Қазір көктемнің соңғы айы. Жұрт­шылық есік алдына бау-бақ­ша егіп, көшет отырғызып, абат­тандыру жұмысымен айналысуда. Көшеге іркіліссіз аяқ су келді. Кей­бір көшенің тұрғындары аяқ судың қадірін түсінбей, өз сағасын тазартуға құлықсыз. Ал оның сал­дарынан су көшеге кетіп, авто­көлік пен жаяу жүргіншіге қолай­сыздық туғызуда. Бұл мәселе тұр­ғындардың «барлығын әкімдік атқаруы керек» деген жаңсақ пі­кі­рінен туындап жатқаны анық. Әрине әкімдік бұл істерді атқарады, бірақ қоғам үшін қажетті ортақ іске жекелеген азамат та атсалысып, жауапкершілікпен қарау керек. Түптеп келгенде, бұл туған жерге деген құрмет, сүйіспеншілік және оның дамуына қосылған үлес. Елбасының: «Ұлтты ұлы ету – ауылды түлетуден» басталады деген қанатты сөзі бар. Сондықтан әр азамат өзі туып-өскен, ауасын жұтып, нанын жеген, бір сөзбен айтқанда, адам болып қалыптасқан ортасының тазалығына құрметпен қарау керек. Осы мақаланы оқып, бір-екі тұрғын қолға күрек-кетпен алып, өз ауласын, көшесін ретке келтіруге кіріссе, біздің еңбегіміздің еш кетпегені деп білеміз.
Тағы бір айта кетерлігі, кентте сауда нысандары да көп. Олар халыққа өз қызметін ұсынып, азаматтарды жұмыспен қамтып, сол арқылы нәпақа тауып, мақсатын жүзеге асыруда. Кәсіпкерлерді де сау­да нысандарының алдын таза ұстауға үндейміз. Бұл кәсіпкер­лердің өздері үшін де қолайлы болмақ. Тұтынушы таза дүкенге ба­рып сауда жасағысы келеді емес пе?!
Бүгін кенттің экономикалық да­­муына тоқталған жоқпын. Тек қара­пайым тыныс-тіршілігі мен күн­­де­лікті атқарылатын жұмыс­тарды атап өттім. Кент әкімі емес, кент тұрғыны ретінде айтар болсам, ауданның көркіне көрік қосу, шырайын келтіру тереңөзектік әр­бір азаматтың міндеті дер едім. Көшесінің, ауласының тазалығына немқұрайлы қарамай, қоғам ал­дын­дағы жауапкершілікті терең­нен түсінетін азаматтарға алғыс айтамын.
Кенттің барша тұрғынын бірле­се еңбек етіп, аудан айнасы саналатын кентті көркейтуге үлес қосуға шақырамын.


Нұржан БИСЕМБАЕВ,
Тереңөзек кентінің әкімі
19 мамыр 2020 ж. 580 0