Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Маңдайы терлемегендер "аттан түседі"

Маңдайы терлемегендер "аттан түседі"

Аудан əкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен аппарат мəжілісі өтті. Маңызды мəселелерге арқау болған мəжілісте халық санағын өткізу, салық базасын ұлғайту жəне кəсіпкерлік саласын дамыту бағытында атқарылған жұмыстар мен жоспарлар кеңінен талқыланды. Жиынға аудандық мəслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудан əкімінің орынбасарлары, бөлім, мекеме басшылары мен ауыл əкімдері қатысты

Аудан басшысы алдымен күн тəртібіндегі мəселелердің маңыздылығына тоқталды. Атқарылған жұмыстардан гөрі атқарылмаған жұмыстарға мəн беру керектігін атап өтіп, баяндамашыларға мəселелердің шешілуіне байланысты ұсыныстарын қоса айтуды міндеттеді.

Бірінші мəселе ҚР халқының ұлттық санағына дайындық жұмыстары туралы аудандық статистика басқармасының басшысы С.Төлегенов баяндады. Басқарма басшысы 2021 жылдың 1 маусымынан халық санағының бірінші немесе дайындық кезеңі басталғанын, кезекті ұлттық халық санағының ұраны «Қазақстанда əркім маңызды!» екенін жеткізді. Биылғы санақтың басты жаңалығы – санақты өткізу процесін автоматтандыру жəне оған заманауи сандық технологияларды енгізу екенін айтып, ауданда уақытша санақ персоналына 3 нұсқаушы, 1 нұсқаушы-бақылаушы, 8 интервьюлер тартылғанын атады.
– Халық санағының алғашқы кезеңінде барлығы 12 адам жұмыс атқаруда. 2021 жылдың 1-30 маусым аралығында интервьюерлер тұрғын үйлер мен тұрғын емес үй-жайлардың, құрылыстардың, сондай-ақ ондағы тұратын тұрғындардың нақты санын анықтау мақсатында əрбір елді мекенді аралап жұмыс жасауда. Санақ объектілері туралы мəліметтер планшет құрылғысын пайдалана отырып электронды базаға енгізілуде, – деген басқарма басшысының бірсарынды баяндамасын аудан əкімінің тосыннан қойған сұрағы тоқтатты.

«Тереңөзек кентінде көше атаулары толық жазылған ба?» деген аудан əкімі кент əкімі Н.Бисембаевті орнынан тұрғызды. Сұраққа жауап берген басқарма басшысы мен кент əкімінің мəліметі екі түрлі болды. Бірі көше атаулары толық жазылған десе, екіншісі əлі де нақтылау жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бұл сұраққа жауапты аудандық құрылыс, сəулет жəне қала құрылысы бөлімінің басшысы Ғ.Қайназаровтан сұрағанда бөлім басшысы мардымды жауап бермеді. Сөйтіп, сұрақтың жауабын аудан басшысының өзі айтты, яғни кент көшелерін аралағанда көше атаулары толық жазылмағанын аңғарғанын атап өтті. Басқарма мен кент əкімдігі арасында байланыс жоқ екеніне тоқталып, бұл іске аудандық құрылыс, сəулет жəне қала құрылысы бөлімі де жауапты екенін қаперге салды. Сондайақ басқарма басшысына он жылда бір келетін халық санағының дұрыс əрі сапалы ұйымдастырылуына бірінші кезекте басқарма жауапты екенін айтып, барлық жұмысты кент жəне ауыл əкімдеріне жүктеуді азайтуды тапсырды. Халық санын анықтамас бұрын халық қоныстанған көшелердің атауын анықтап алуды, пəтерлердің, саяжайлардың нөмерлерін тез арада ретке келтіруді міндеттеді.

Келесі кезекте салық базасын ұлғайту мəселесі қаралып, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы А.Жүсіпов хабарлама жасады. Басқарма басшысы 5 айдағы мемлекеттік, жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің болжамды орындалуын жария етті. Сондай-ақ, заңды жəне жеке тұлғалардың мүлік, жер, көлік салығы түсімдерінің орындалуы жөнінде ақпарат берді. Хабарламашы мүлік салығына қатысты кент жəне ауыл əкімдері жаңадан салынған нысандарды түгендеу, мемлекеттік тіркеуге қою жұмыстарын жеделдету керектігін ұсынды. Өйткені, көп жағдайда тұрғындар жəне ауыл əкімдіктері аяқталған құрылысты мемлекеттік тіркеуге қоюға атүсті қарайды.
– Тереңөзек кентінің орталығындағы Қ.Қазантаев көшесі бойындағы коттедж үйдің техникалық құжаттары мүлде алынбаған. Егер осы үйді орташа 11 млн теңге деп бағаласа, оның бір жылғы салығы 14100 теңгені құрап, салық түсетін еді. Сонымен қатар осы көшедегі тағы бір коттедж үйдің иесі ескі үйдің бағалау құны бойынша мүлік салығына 60 теңге ғана төлейді. Кент əкімдігі осындай мəселелерге назар аударса, салық базасы артады, бұл мəселе ауылдық округі əкімдеріне де қатысты» деген басқарма басшысы ауыл əкімдерінің жаңа құрылыстарды мемлекеттік тіркеуге мерзімінде алу керектігін атап өтті.

Аудан əкімі М.Ергешбаев салықтық түсімдердің, оның ішінде кейбір елді мекендерде көлік салығының қордаланып қалғанын атап, ауыл əкімдерін сұрақтың астына алды. Бұл салықтардың ауыл бюджетіне түсетінін тілге тиек етіп, қордаланған қарыздарды жедел бюджетке түсіруді жүктеді.

– Жеке тұлғалардың 2019-2020 жылдардағы қордаланған көлік құралына салынатын салықтан Тереңөзек кентінде 8,3 млн теңге, Айдарлы ауылында 1,8 млн теңге, Аманкелді ауылында 1,6 млн теңге, Бесарық ауылында 1,9 млн теңге, Қоғалыкөл ауылында 2,4 млн теңге, Шіркейлі ауылында 2,4 млн теңге, Ақжарма ауылында 1,5 млн теңге, Н.Ілиясов ауылында 745 мың теңге, Шаған ауылында 2 млн теңге, С.Сейфуллин ауылында 1,5 млн теңге берешек қарыз қалыптасқан. Байқауымша, кейбір ауыл əкімдері қызметтік көліктерімен облыс орталығында жүреді. Олар көлік салығын қазынаға түсіріп, кəсіпкерлікті дамытпаса, облыс орталығына не үшін барады?, – деген аудан басшысы осы бағыттағы жүйесіз жұмысты сынға алды.
Аппарат мəжілісінде жаппай кəсіпкерлікті дамыту мəселесі де кеңінен талқыланды. Бірден айтайық, аудан басшысы кəсіпкерлік саласының ауданда кенжелеп қалғанына айрықша назар аударып, сала жұмысын дамытуға тікелей жауапты бөлім басшысын кент жəне ауылдық округі əкімдерімен қосып сілкіп алды.

Алдымен жаппай кəсіпкерлікті дамыту жөнінде аудандық кəсіпкерлік, өнеркəсіп жəне туризм бөлімінің басшысы Е.Ахетов баяндама жасады.

– Аудан бойынша 2021 жылдың 1 мамырына 2514 шағын жəне орта кəсіпкерлік субъектілері тіркелді. Оның ішінде жұмыс жасап тұрған кəсіпкерлік субъектілерінің саны – 2314. Жұмыс жасап тұрған кəсіпкерлік субъектілерінің тіркелгендерге үлесі 92,0 пайызды құрайды. Жұмыс жасап тұрған кəсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға артты, – деген бөлім басшысы мемлекеттік бағдарламалар аясында əрбір ауылда кəсіпкерлік бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды тізбектеп, кейбір елді мекендерде 5 ай көлемінде бірде-бір жоба қаржыландырылмағанын атап, «кəсіпкерлік саласын дамыту керек» деді.

Осы ретте, баяндамашының жұмыс сапасы баяндама мəтіне қарап аңғарылды. Кəсіпкерлік саласын дамытуға тиісті бөлім əлі күнге «кəсіпкерлікті дамыту керек» деген сөзді айтып тұрғанда жұмысты кім істейді?! Кəсіпкерлікті дамыту керектігі бəріне түсінікті емес пе, бірақ оны қалай дамытамыз, нақтырақ айтқанда, аудандық кəсіпкерлік, өнеркəсіп жəне туризм бөлімі неге дамытпайды? Аппарат мəжілісіне жаттанды сөздерден құралған баяндама дайындаған баяндамашының мақсат-мүддесіне түсінбеген аудан əкімі М.Ергешбаев бөлім басшысына жинақталуды, жұмыс кабинетінен шығып, елді мекен аралап, тұрғындармен түсінікті тілде сөйлесіп, тұрақты түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

«Еңбек» нəтижелі жұмыспен қамту жəне жаппай кəсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты бойынша А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин, Жетікөл, Айдарлы, Аманкелді, Іңкəрдария, Қоғалыкөл, Қалжан ахун, Н.Ілиясов, Шаған, Шіркейлі ауылдарынан бірде-бір жоба қаржыландырылмаған. Ол ол ма, «Стартап» жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында 583 400 теңгені құрайтын мемлекеттік грантты жыл басынан бері А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин, Жетікөл, Айдарлы, Бесарық, Іңкəрдария, Қоғалыкөл, Қалжан ахун, Н.Ілиясов елді мекендерінен ешбір тұрғын алмаған. Оған қоса, «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасымен де Жетікөл, Айдарлы, Іңкəрдария жəне Шаған ауылдарынан бірде-бір жоба қаржыландырылмапты. Аталған ауылдардың əкімдеріне қатысты шешім қабылданатынын, өзгерістерге иек артпайтындарды өзі-ақ өзгертетінін шегелеген аудан əкімі маңдайы терлемегендер «аттан» түсетінін ескертті.

Күн тəртібіндегі мəселе аудандық жұмыспен қамту орталығына да қатысты екені белгілі. Себебі, жоғарыда аталған 583 400 теңгені құрайтын мемлекеттік грантқа қатысты жүргізілген жұмыс салыстырмалы түрде өте төмен. Көршілес аудандардың соңында келеміз. Ал аудандық жұмыспен қамту орталығы «ұйқыға» кеткен, талпыныс та, ізденіс те жоқ. Талпыныс жоқ дейтініміз, бағдарламаны түсіндіруге, насихаттауға немқұрайлы қарап, құлықсыздық танытып келеді. Ізденіс жоқ дейтініміз, өзге аудандармен жұмыс сапасын салыстырмайды, кемшілікті түзеу мақсатында нақты шешімдер қабылдамайды.

«Кəсіпкерлік саласының дамуы, яғни тұрғындардың екі қолға бір күрек табуы аудандық жұмыспен қамту орталығына да қатысты. Орныңыздан тұрыңыз, сіз не айтасыз?» деді сұрақты төтесінен қойып аудан əкімі орталық директорына қарата. Е.Дəуітбекұлының сұраққа жауап беру барысында «лимит бойынша солай» деген қыстырма сөзі мəселені тіптен ушықтырды. «Сонда лимитке қарап отыра береміз бе? Сіз не айтып тұрсыз? Мен қызметке кіріскелі аудандық газетте, орталықтың əлеуметтік желідегі ресми парақшасында бағдарлама туралы бірде-бір ақпарат жариялаған жоқсыздар. Өздеріңіз жарияламайсыздар, түсіндірмейсіздер, айтпайсыздар сонда қандай нəтиже күтіп отырсыздар?» деді аудан əкімі.

Насихат жұмысы аудандық газет редакциясына да қатысты болғандықтан оқырмандарға түсінікті болуы үшін бұл сұрақ жөнінде мысалдар келтіре кетейік. Редакция тарапынан аудандық жұмыспен қамту орталығына бірлесе жұмыс жасап, атқарылып жатқан жұмыстар мен жаңалықтар жөнінде ақпарат ұсыну үшін бір емес, екі рет хат жіберілген. Екі хатқа да мерзімінде жауап берілмеген соң уақытысында аудан əкімінің атына хат жазып, құрылтайшысы аудан əкімдігі болып табылатын аудандық жұмыспен қамту орталығының директорына тапсырма беруді сұрауға мəжбүр болғанбыз. Қызығы сол, аудан əкімінің атына хат жазғаннан кейін орталық директоры «редакция менің ар-намысыма тиді» деген сарында редакцияның үстінен хат жазғанын да көргенбіз. Сондықтан тиісті бағдарламаға қатысты ақпараттық насихаттық жұмыстардың дұрыс үйлестірілмеуіне редакцияның кінəсі жоқ, керісінше ақпараттандыруға құлықсыз, біздің бірлесе жұмыс жасайық дегенімізге мəн бергісі келмейтін аудандық жұмыспен қамту орталығының жұмысы сын көтермейді. Бұл олқылықты аппарат мəжілісінде аудан əкімі Мұрат Ергешбаев та атап өтіп, орталық директорына халыққа қажетті ақпараттарды түсіндіру керектігін қатаң ескертті. Солақ екен, түстен кейін орталық директоры редакцияға бір емес, екі ақпараттық хабарландыру жіберіпті. Оны осы газетіміздің үшінші бетінен оқи аласыздар. Сонда міндетті түрде аудан əкімі айтуы, тапсыруы қажет пе? Неге əр басшы өз жұмысын сапалы əрі уақытылы үйлестіріп, халыққа дұрыс қызмет көрсетпейді? Тұрғындар мен оқырмандар тарапынан аудандағы жұмыссыздық мəселесіне қатысты сын-ескертпе көп екені белгілі. Енді біз осы тақырыптарда ашық жазып, мəселенің мəнісіне тереңірек үңілетін боламыз.

Күн тəртібіндегі екінші мəселені талқылау барысында аудан əкімі сала жұмысына көңілі толмайтынын айтты. Барлық бөлім, мекеме басшыларына мемлекеттік бағдарламаларды халыққа түсіндіру жұмыстарының кемшін екенін атап, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруға пəрмен берді. Ол үшін жұмысшы топ құрып, келесі аптадан бастап аудан тұрғындарына əрбір бағыт бойынша жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Ауыл əкімдеріне жиынға мектеп мұғалімдері мен балабақша қызметкерлерін жинауға қатаң тыйым салып, кəсіпке ден қойғысы келетін тұрғындарды қатыстыруды жүктеді. Жұмысшы топ құрамына кəсіпкерлік, «Атамекен» кəсіпкерлік палатасы, салық, жер, ауыл шаруашылығы салаларының қызметкерлері болу керектігін жеткізді. Бұл ретте, түсіндірме жұмыстарының ел-халыққа жетуі БАҚ өкілдеріне тікелей байланысты екенін ескеріп, жұмысшы топ құрамында жергілікті газет өкілі болғанын дұрыс деп санаймыз. Бірақ, біздің жазған хатымызға мерзімінде жауап бермейтінін айтпағанда, бұған дейін редакцияға хабарласып, атқарылып жатқан жұмыстарды бірлесе насихаттауға немқұрайлылық танытатын кəсіпкерлік саласына қатысты бөлім, мекеме басшылары жұмысшы топ құрамына журналист қосуға қалай қарайды екен?! Не де болса əліптің артын бағайық...


Аппарат мəжілісінде аудан əкімі бірде-бір жоба қаржыландырылмаған ауыл əкімдерін тұрғызып, сұрақтың астына алды. Осы сəтте кейбір ауыл əкімдерінің мемлекеттік бағдарламаларды өздері түсініп үлгермегені байқалды. Аудан басшысы «өздері білмесе, халыққа қалай түсіндіреді» деп, жұмыстарының өте төмен деңгейде екенін ескертті. Əрбір бағыт бойынша ауыл əкімдерін қайта-қайта тұрғызып, халыққа жаны ашып жұмыс істеу керектігін нақты айтты. Осыған орай елді мекендерде кəсіпкерлікті дамытуға байланысты аудандық кəсіпкерлік, өнеркəсіп жəне туризм бөлімінің басшысына, кент, ауыл əкімдеріне жəне аудандық жұмыспен қамту орталығының директорына биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін уақыт берді. Егер осы уақыт аралығында жобалар ұсынылмаса, алға жылжу болмаса, нақты ұсыныстар енгізілмесе, бір сөзбен айтқанда өз міндеттерін атқаруда салғырттыққа жол берсе, міндетті түрде тəртіптік жауапкершіліктері қаралатынын ескертті.


– Елдегі саяси ахуалды тұрақты сақтау үшін жұмыссыздықты азайтып, салық базасын нығайту қажет. Бүгінгі күні кəсіпкерлік саласын дамытудың маңыздылығы басты орында тұрғанын жақсы білесіздер. Сондықтан жұмыстарыңыз осымен бағаланады, – деген аудан əкімі Мұрат Нəлхожаұлы тиісті тапсырмаларды берді жəне орынбасарларына орындалуын бақылауға алуды, күн сайын ақпарат ұсынуды жүктеді.


Аудан əкімі аппарат мəжілісінің күн тəртібіне қосымша кент жəне елді мекендердің санитарлық тазалық жұмыстары мен мерзімді баспасөзге жазылу мəселелеріне тоқталып өтті. Мұнда да əрбір ауылдың тазалығы көңіл көншітпейтінін атап, ауыл əкімдері тағы да орындарынан тұрды. Əр ауылдың кіреберісінен бастап қоқысқа толған ауылішілік көшелері, арықтары, жыртылған билбордтары слайд арқылы көрсетілді. Аудан əкімі қызметіне кіріскен М.Ергешбаевтың төрағалығымен өткен алғашқы аппарат мəжілісінің мұндай деңгейде өтетінін күтпеген басшылар абдырап, жаттаған жаттанды сөздерін ұмытып, сұраққа дұрыс жауап бере алмай сөзден сүрінді. Аудан басшысы кент жəне ауыл əкімдеріне елді мекендердің санитарлық тазалығына жауапкершілікпен қарауды тағы да бір ескертті жəне келесі жолы ескертіп отырмайтынын нақты айтты. Аппарат басшысына «əр апта сайын ұйымдастыру жəне инспекторлық жұмыс бөлімі кент жəне ауылдарды аралап, слайд əзірлесін» деп тапсырма берді.

Слайдтағы сурет пен ауыл əкімдерінің берген жауабы ұштаспаған тұста аудан əкімі М.Ергешбаев аппараттың бас инспекторы мен баспасөз хатшысын жиналыстан босатып, тез арада суретке түсіріп, қайтадан көрсетуді тапсырды. Сөйтіп, сөздің емес, істің адамы екенін дəлелдеп, сұраққа жауап берілгенде жаттанды сөзге емес, нақты мəліметке ғана сүйенетінін аңғартты. Жиналыс үстінде А.Тоқмағамбетов ауылына барып, ауыл паспортын суретке түсіріп келген əкімдік қызметкерлері аудан əкімінің сыны орынды екенін дəлелдей түсті. Аудандық полиция бөлімінің бастығы Н.Ибраевтың кент орталығында қараусыз жүрген ірі қара малдарын бір орынға қамап, егелеріне айыппұл салу жөнінде айтқан ұсынысы зерделеніп, зерттелетін болды.

Жоғарыда атап өткеніміздей, кемшіліктерді түзетуге 1 шілдеге дейін уақыт берілді жəне қайта талқыланатыны айтылды. Маңдайы терлемегендер «аттан түсетінін», яғни салқын əрі жайлы жұмыс кабинетінен шықпайтын «шенеуніктер» жұмыстан босатылатынын ескертті. Осылайша, аппарат мəжілісі бірсарынды жұмыс стиліне көшкен басшылар болжағаннан əлдеқайда басқаша қорытындыланып, алдағы жоспарлар айқындалды. Біз сол жоспарлардың нəтижесін жергілікті газет бетінде қайтадан сараптайтын боламыз...

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Ердос СƏРСЕНБЕКҰЛЫ
13 маусым 2021 ж. 757 0