Қауіпсіздік шараларын түсіндірді
Елде қауіпті індет тарап, халықты сарсаңға салғалы бір жылдан аса уақыт өтті. Осы аралықта мемлекет тиісті шараларды қабылдап, коронавируспен күрес тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Вируспен күресудің бірден-бір жолы – халықты дұрыс ақпараттандыру. Осы мақсатта аудан әкімдігінде кәсіпкерлермен кездесу өтті. Бас қосуға Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ұ.Аханаева, Сырдария ауданының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің міндетін атқарушы Қ.Омарова, құқық қорғаушылар, дербес бөлім қызметкерлері, мониторинг топ мүшелері мен жеке кәсіпкерлер қатысты.
Жиналысты аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев жүргізіп, бірқатар келелі мәселелер талқыланды.
– Алғашқыда түрлі түсінбеушілік туындағанымен, халықтың вируспен бірге тіршілігін жалғастырып келе жатқалы екінші жыл. Алғашқы кезеңдерде қаншама адам қайтыс болғаны өздеріңізге мәлім.Карантиндік шаралар ұйымдастырылып, көп жерде шектеу қойылды. Дегенмен, тіршілікті тоқтатып қоймайтынымыз анық. Бүгінде белгіленген нормалар бойынша тамақтану орындарының жұмысына рұқсат етілген. Бұл жерде басты назарды қауіпсіздік шараларына аудару қажет, – деген Ұлбосын Өмірбайқызы көпшілік тамақтану орындары қызметіне қатысты Сырдария ауданынан осы күнге дейін карантиндік талаптарды бұзу фактісінің тіркелмегеніне тоқталып өтті.
Кафе немесе асханаларда өзге орындарға қарағанда қауіптің басым болатындығы түсінікті. Себебі, онда адамдар бетпердесіз тамақтанады. Вирустың екі метр қашықтыққа дейін еркін жұғып, одан бөлек жиһаздардың бетіне де қонуы мүмкін екендігін ескерсек, мәселе күрделене түседі. Вирус тасымалдаушы өзі де білмей өзгенің өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Осы ретте, Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары тамақтану орындарының «Ashyq» мобильді қосымшасына тіркелуі маңызды екеніне баса тоқталды. Жоба өз кезегінде, кәсіпкерлік нысандардың қайта жандануына мүмкіндік бермек. Ол бойынша тұтынушылардың ауырғаны, вакциналанғаны немесе сау екені анықталады. Осылайша, жұқтыру қаупі сейіліп, індет жұқтырушылар санын азайтуға болады.
Сондай-ақ ауырған адаммен байланыста болып, он төрт күнге оқшауланған тұлғаның сол уақыт аралығында көпшілік арасында жүруі де қасақана қылмыс деп табылып, жауапқа тартылатындығы айтылды.
Жиын соңында қатысушылар көкейдегі сұрақтарына жауап алып, қажетті мәліметтермен ақпараттандырылды.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ