Сақтық шараларына аса мән беру керек
Соңғы тәулікте облыста коронавирус инфекциясымен 22 жағдай тіркелді. Оның ішінде, Сырдария ауданында 2 адамнан жұқпалы індет анықталды. Соңғы аптадағы көрсеткіштер бойынша бүгін Қызылорда эпидахуалды бағалау матрицасында тәуекелі орташа «сары» аймаққа өтті. Осыған байланысты карантиндік талаптарды сақтауға қатысты түсіндірме жұмыстары күшейтілуде.
Бүгін аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев аудандық ауруханада ашылған КВИ инфекциялық стационарға барып, індетпен күресте атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. Аудандағы эпидахуал мен науқастарды емдеу жұмыстары жөнінде аудандық аурухананың бас дәрігері Нұржамал Мырзағалиева мен аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құралай Омарова баяндады.
Қазіргі таңда ауданда індет жұқтырғандар саны жыл басынан бүгінге дейін 53 жағдайға жетіп отыр. Бұл өте алаңдатарлық жәйт. Осыған орай аудандық ауруханада (бұрынғы фтизиопульмонология) биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап КВИ инфекциялық стационар ашылды. Қазіргі таңда стационарда індет жұқтырған 11 адам емделуде.
Аудан әкімінің орынбасары науқастардың емделуіне барлық жағдай жасалып, дәрі-дәрмек қорының жеткілікті болуын атап өтті. Сондай-ақ, ауданда сақтық шаралары күшейтіліп, мониторингтік топтар арқылы тұрғындарға жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Қазір той-жиынға, көпшілік жерге жиналмау керектігін айтып, тұрғындар сақтық шараларына аса мән беру керектігіне назар аударды.
Ердос БЕРКІНБАЕВ