Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіпкерлермен кездесу өтті

Кәсіпкерлермен кездесу өтті

Карантиндік талаптардың сақталуына кәсіпкерлердің тікелей қатысы бар. Осыған байланысты аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, аудан прокуроры Ерлан Алмазұлы, облыстық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Қайырбай Сарбайсалов және аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Ибраев аудан кәсіпкерлерімен кездесті.

Кездесуді ашқан аудан әкімінің орынбасары бүгінгі күні ауданда індет жұқтырғандар 65 адамға жеткенін атап, карантиндік талаптардың сақталуына қатаң бақылау жүргізілу керектігін жеткізді. Осы ретте, сақтық шараларына алдымен кәсіпкерлер аса мән беру қажеттілігін түсіндірді. Аудан төңірегінде эпидемиологиялық ахуал күрделеніп бара жатқанын атап, сауда орындарында бір реттік маска, қолғаппен қызмет көрсетіп, антисептиктерді үнемі қолдануды ескертті. Бүгінде аудан бойынша 16 мониторингтік топ түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өтті. Сонымен бірге, той-жиынды уақытша тоқтата тұрудың да індеттің өршімеуіне септігі барын назарға салды.

Кездесуде аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ербол Жанәлиев хабарлама жасап, карантиндік шектеу талаптарына қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Полиция қызметкерлері тарапынан кәсіпкерлік субъектілерге жан-жақты түсіндіру және бақылау жұмыстары күнделікті жүргізілетінін айтты. Сонымен қатар кәсіпкерлерге түнгі уақытта алкогольдік өнімдерді сатпау жөнінде ескертулер жасады. Баяндама барысында бөлім бастығының орынбасары полиция қызметкерлерімен болатын сыбайлас жемқорлық келеңсіздіктерінің алдын алу жөніндегі шараларға тоқталып, кәсіпкерлерге сенім телефоны жазылған жадынамаларды таратты.

Жиында аудан прокуроры да сөз сөйлеп, карантиндік талаптарды бұзғандарға жауапкершілік қаралғанын жеткізді. Сонымен қатар аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құралай Омарова облыс бойынша жұқпалі індеттің таралу көрсеткіші ауданда жоғары болып тұрғанына тоқталды. Сондықтан сақтық шараларын қатаң сақтау керектігін атап айтты.

Кездесу барысында кәсіпкерлер ұсыныс-пікірлерін білдіріп, сауалдарына жауап алды.

Ердос БЕРКІНБАЕВ 


11 сәуір 2021 ж. 555 0