Жемқорлыққа жол жоқ
Жақында кент мәдениет үйінде «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі аясында аудан тұрғындарымен кездесу өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев, «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Ж.Тұсмағамбетов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті жанындағы ақпараттық-ағартушылық штабының мүшелері М.Баекеев пен И.Мұсабаев, құқық қорғау саласының қызметкерлері, дербес бөлім басшылары, кент және ауыл әкімдері, тұрғындар қатысты.
Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев сөз алып, «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі аясында сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге және қоғам дертін алдын алуға қатысты ұсыныс айтты. Аталған жобаның аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан негізгі қызметіне тоқталды.
Кездесуде «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Ж.Тұсмағамбетов хабарлама жасады. Оның айтуынша, жемқорлықпен күрес мәдениетін қалыптастыру мақсатында арнайы жоба қабылданған. Жыл көлемінде сыбайлас-жемқорлыққа тәуекелшілікті болдырмау негізінде түрлі сала бойынша зерттеп-зерделеу жұмысы жолға қойылған. Белгіленген бірнеше сала бойынша мониторинг жүргізіліп, сыбайлас-жемқорлыққа әкеп соқтыратын сан алуан фактор анықталған. Осы орайда көпшілік арасында құқықтық сауаттылықты қалыптастыруға ерекше көңіл бөлу керек. Негізінен парасаттылық, әділдік, адалдық тұрғысынан әрбір адамда жемқорлыққа төзбеушілік қасиеті қалыптасқаны жөн. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңында көрсетілген ережелерді қатаң сақтау маңызды. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жоспарына сәйкес бірқатар жоба қолға алынып, өз нәтижесін беруде. Айта кету керек, білім ошақтарында «Адал ұрпақ», «Сатушысы жоқ дүкен» жобасы балаларды осы бастан сыбайлас-жемқорлықты болдырмауға шақырады. Өз кезегінде Қызылорда облысы бойынша департаменті жанындағы ақпараттық-ағартушылық штабының мүшесі М.Баекеев бүгінде қоғам дертімен күресте жекелеген адамның атқаратын функциясын атап өтті. Барлығын заң аясында шешіп, мемлекеттік қызметкер барынша төзімді, жұмыста ыждағатты болу керектігін жеткізді. Ал И.Мұсабаев кез келген салада кездесетін жемқорлық жайында өз ойын ортаға салды.
Жиында жемқорлықты болдырмауға қатысты тұрғындар өз ұсыныстарын жеткізді. Аудан бойынша «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысы нақтыланды. Алдағы уақытта жоба мүшелерінің құқықтық сауатын арттыру бағытында жұмыс жүргізілетін болады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ