Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Cыңғырла, соңғы қоңырау!

Cыңғырла, соңғы қоңырау!

Міне, тағы бір оқу жылы қорытын­дыланып, мек­теп оқу­шылары жазғы де­малысқа шық­ты. Бүгін еліміздегі мек­­теп­те «Соңғы қоңырау» салта­на­ты өту­де.

Айту керек, індеттің таралуына байланысты мере­келік салтанат барлық оқу орнында ашық аспан астында «1 оқушы, 1 ата-ана» қағидаты бойынша санитарлық талаптар сақталып, ұйымдастырылуда.

Осынау мерекелік іс-шара, әсіресе, 11 жыл бойы білім алған жас түлектер үшін ерекше есте қалады. Себебі, мектепке «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққалы» тұрған жас түлектер ертеңгі елдің болашағын қалайтын азамат екенін сезініп, көңілдері толқу үстінде. Қимастыққа толы осынау жастық шақтың ерекше есте қалатын мерекесі ұстаздар қауымы үшін де қуанышқа толы. Балалықпен қоштасып, өмірдің жаңа ағысына бет алатын мектеп бітіруші түлектердің жүрегі лүпіл соғып, соғылатын соңғы қоңырау сыңғыры құлақта мәңгі есте қалатыны сөзсіз.

Биылғы жылы аудандағы 5 мектеп-лицейі мен 12 орта білім беретін мектепте 8212 оқушы білім нәрімен сусындады. Оларға 1197 педагог сабақ берді. Оқу жылын 387 түлек аяқтаса, 9-сыныпты 714 оқушы бітіруде. Оқу жылында 1-сыныпта оқыған 868 бүлдіршін алғашқы ұстаздарымен бірге келер жылы 2-сыныпта қайта қауы­шатын болады.

Биылғы оқу жылында мектеп бітіруші түлектердің арасында 39 «Алтын белгіге» және 18 «Үздік ат­тестатқа» үміткер бар.

– Тағы бір оқу жылын аяқтағалы тұрмыз. Жас түлектер үшін алтын ұядағы соңғы қоңырау салтанаты өтуде. Қимастыққа толы іс-шарада ұстаздар да ерекше көңіл күйде. Себебі, қаншама жыл шәкіртіне дәріс берген ұстаздар өмірдің жаңа белесіне оқушыларын шығарып салуда. Алда мемлекеттік емтихан. Барлық түлекке емтиханды ойдағыдай тапсыруға тілектеспін.
Биылғы жылы мектеп бітіруші 387 түлектің 324-і ҰБТ қатысуда. Мемлекеттік грантқа түсу үшін тапсыратын сынақтың алғашқысын тапсырып та үлгірдік. Нәтижесі жаман емес. Алда екінші мүмкіндік бар. Түлектеріміз алдыңғы көрсеткіштен де жоғары балл алады деген сенімдеміз. Ауданда ең жоғары 137 балл алған №44 орта мектептің түлегі Айдана Жалғасқа «Жарайсың» дегіміз келеді. Барлық бітіруші түлектерге сәттілік серік болсын, – дейді аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ләззат Мығымбаева.

Айта кету керек, биылғы жылы «Соңғы қоңырау» салтанаты «Тәуелсіздік ұландары» тақырыбымен өтуде.

Туған елінің, жерінің патриот азаматы болып, ұстаз­дарының, ата-аналарының үмітін ақтауға бет түзеген жалынды жастарға ақ жол дейміз!

Бибісара ЖАНӘЛІ 
25 мамыр 2021 ж. 530 0