«ҚҰЛАҚТАН ҮНІҢ КЕТПЕСТЕЙ, СЫҢҒЫРЛА СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ»
Бүгін №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп лицейінде мектеп бітіруші түлектердің салтанатты шарасы өткізілді. Шара шымылдығын мектеп оқушылары «Ел жүрегі – Астана» Елорданың 20 жылдығына, ауданның 90 жылдығына, арналған «Рухани жаңғыру – болашаққа бастар жол» тақырыбындағы би қойылымымен ашты. Бұдан кейін 2017-2018 оқу жылындағы мектеп бітіруші түлектер «Қош бол, мектебім менің» атты қоштасу вальсін биледі. Ортаға ҚР-ның Мемлекеттік туы әкелініп, Гимн орындалды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Сүюбаева сөз алып, биылғы ауданда білім саласы негізінде жасалып жатқан ілкімді істерге тоқталды. Нәтижелі жұмыстар легін көпшілік назарына ұсынды. Түлектерге ақжарма тілегін жеткізді. Ардагелер бастауыш ұйымының төрайымы А.Ізбасарова іргелі мектеп тарихына көз жүгіртіп, озаттар шеберханасының бүгінгі буынына алдағы сынақта жоғары нәтижеден көрінуге тілектестік білдірді. Мектеп директоры Б.Бақбергенова 2017-2018 оқу жылында білім ордасында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Оқу озаттары мен бірнеше дүркін білім бәсекелерінде топ жарған оқушылар ізбасарларына аманат туы мен білімнің алтын кілтін, мектеп аманат хатын, жеңіс кубогын табыстады. Сондай-ақ, 1- сынып оқушылары бітіруші аға-әпкелеріне тілектерін айтса, бітіруші үздіктер естелік сыйлықтар ұсынды. Өз кезегінде жас түлектер жиналғандарға арнап, әннен шашу шашып, би биледі. Бірқатар ата-аналар балаларына ақ тілектерін жеткізіп, ұстаздарға алғыстарын айтты.
Қоштасу кеші сәнді жалғасын тауып жатыр. Көз алдымызда «Ең соңғы қоңырау» әнін хормен 14 үміт, 14 арман шырқап тұр. Қақ алдымызда биылғы жылы «Алтын белгіге» үміткер Аружан Қобландина бастаған озаттар сынып жетекшісі Кенже Тұрғанбековаға қимастықпен қарайды. Соңғы коңырау мәңгі құлақтан кетпестей соғылған сәт. Осыдан 10, 20 жыл бұрын өмір айдынына қанат қаққан мектеп түлектері қара шаңыраққа, ұстаздарына бас ие келді. Олармен кездесу кеші өткізіліп, бүгінгі жас түлектерге сәт-сапар айтылды.
***
«Құлақтан үнің кетпестей,
Сыңғырла соңғы қоңырау».
Осындай тақырыппен кезекті оқу жылының аяқталар шағында №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектепте соңғы қоңырау салтанаты болып өтті. Бұл олар үшін мәңгі есте қаларлық ерекше сәт. Мерекелік шара басталып, мектеп бітіруші 20 түлек сынып жетекшісі Гүлзат Сағындықовамен бірге ортаға шықты. Мұнан соң салтанатты жиынға қатысушылар ҚР Мемлекеттік Туына тіктелді. Мемлекеттік Гимн орындалды.
Биыл құрылғанына жарты ғасыр толған білім ұясының соңғы қоңырау салтанатында мектеп директоры Ә.Көшербаева биылғы оқу жылында мектепте 436 оқушы білім алғанын, олардың 102-і үздік, 128-і екпінді қатарынан көрінгенін, мектеп бітіретін түлектердің үшеуі «Алтын белгіден» үміткер екенін айтып, биыл алтын ұядан ұшқалы отырған түлектерге ақ жол тіледі.
Мектеп қабырғасынан жаңа өмірге қанат қаққалы жатқан жас түлектерге аудандық білім бөлімінің әдіскері Н.Айтмұханова, аудандық мәслихаттың бас маманы С.Токманов, ардагер-ұстаз П.Әбілпаттаев ақ жол, сәт-сапар тіледі. Ата-аналар атынан құттықтау сөз сөйлеген Ұ.Елеусінова жастар қалаған мамандығының иесі атанып, ел мерейін үстем ететін маман болып қатыптасуларына тілектестігін білдірді. Және де 11 жыл бойы тәлім-тәрбие беріп, білімге баулыған ұстаздарға алғыс айтты. Мұнан соң мектеп табылдырығын алғаш аттаған бірінші сынып оқушылары түлектердің ерекшеліктерін суреттеп, аға-апаларына құттықтауларын жеткізді. Бүлдіршіндердің тілегінен кейін 10 сынып оқушыларына аманат тапсыру рәсімі басталды. Мемлекеттік Туды мектеп түлегі, оқу озаты Ерсұлтан Ержановтан 10 сыныптың үздік оқушысы Қайрат Қожабергенов қабылдап алды. Сонымен бірге алтын белгіден үміткер Ақжелең Болатова мен Ақжол Нұрмахановтан білім кілтін 10 сыныптың үздік оқушысы Замира Аманкелді қабылдап алып, аманатты сақтауға сенім білдірді. Осы мерекелік шараның шешуші сәтінде алтын белгіден үміткер Ақжан Серікбаева мен Сұлтан Мерекеев және бірінші сыныптың үздік оқушылары Айзере Тұрсынбек пен Мақсат Есханат соңғы қоңырауды соқты. Бұл мектеп табылдарығын аттаған жас бүлдіршіндердің кезекті оқу жылының аяқталғанын білдірсе, мектеп бітірушілер үшін соғылған соңғы қоңырау үні. Құлақтан үні кетпейтін күміс қоңырау үні осылайша жиырма түлек жаңа өмірге жолдама алып, қанат қақты. Сәт, сапар, жас түлек!
Осындай шаралар ауданның барлық мектептерінде де болып өтті.
Б.ОРДАБЕКОВ,
Ш.НҰРСЕЙІТОВ