Аудан әкімі Руслан Рүстемовтің соңғы қоңырау мерекесімен құттықтауы
қадірлі ұстаздар, ата-аналар!
Сіздерді Соңғы қоңырау мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Соңғы қоңырау мерекесі – бұл мектеп тарихына енетін көңілді әрі қуанышты оқиға. Бұл күн мектеп бітірушілер үшін де, ұстаздар мен ата-аналар үшін де қуанышты, салтанатты сәт.
Бүгін мектеп бітірушілердің өміріндегі ең маңызды сәт – Соңғы қоңырау салтанаты еліміздің барлық аймағында карантин талаптарына сәйкес онлайн түрінде өтуде. Алдағы 3-4 маусым күндері аттестат тапсыру рәсімін барлық мектеп бітіруші түлектер үшін санитарлық талаптарды сақтай отырып, мектеп қабырғасында өткізу белгіленіп отыр.
Аудан бойынша биылғы оқу жылында 341 оқушы мектеп бітіріп, олардың 273-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады, соның ішінде 45 оқушымыз «Алтын белгіге» үміткер.
Құрметті мектеп бітіруші түлектер!
Елбасының «Ұлттың бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен айқындалады» деген ұлағатты сөзі бар. Тек білім ғана адамға өмір жолын дұрыс таңдауда еркіндік пен өз-өзіне деген сенімділік, табысқа жетуге және өз қабілетін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Бүгін Сіздер балалықтың бал шағын артқа тастап, үлкен өмірдің табалдырығын аттағалы отырсыздар. Осы жауапты кезеңде өздеріңіздің 11 жыл бойы алған білімдеріңізді дұрыс қолданып, дұрыс таңдау жасауларыңыз аса маңызды.
Екі нәрсе өмір бойғы еңбегіңнің босқа кетпеуін қамтамасыз етеді екен, олар: Ісіңде қабілетті болу және жақсы көретін жұмысыңды істеу. Сондықтан, әрдайым сын сағаттан сүрінбей өтіп, армандаған мамандықтарыңның иесі атануларыңа тілектеспін.
Сіздерге тәлім-тәрбие беріп, білімдар азамат болып өсу жолдарыңда ұстаздар қауымының орны ерекше екені сөзсіз.
Ұстаз алдында бүкіл адамзат бас иіп, тағзым етеді. Өйткені, шәкірттеріне білім, тәрбие беріп, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздардың еңбегі зор.
Қымбатты түлектер!
Сіздерді алда үлкен сын күтіп тұр. Ұлттық бірыңғай тестілеуді жақсы тапсырып, өздеріңіз қалаған оқу орнына түсіп, ел игілігі үшін қызмет ететін маман болуларыңызға тілектеспін!
Ақ жол, аяулы түлектер!