Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ойын алаңдарының сиқы ойлантады

Ойын алаңдарының сиқы ойлантады

Аудан орталығынан сапалы, стандартқа сай ойын алаң­дарын май шаммен іздесек те таппаймыз. Сұрақ көп, мардымды жауап жоқ. Бұл мәселе жұртшылықтың көп талқылайтын тақырыбына айналғанына да бірнеше жыл болды. Тұрғындардың пікірі ескеріліп жатыр деп те айта алмаймыз. Өз кезегінде редакция бұл мәселені бұрын да көтерген, бүгін тағы да жариялап, атқарушы биліктің назарын аударғысы келеді.

Кент тұрғыны Р.Мұстафа Тереңөзек кентіндегі ойын алаңдарының жай-күйі мен сапасы жөнінде видео түсіріпті. 35 минут 46 секундты құрайтын видео 15 мамыр күні әлеуметтік желіде жарияланды. Сол-ақ екен пікір білдірушілердің қарасы көбейді. Редакцияға да хабарласып, осы мәселені газет бетінде көтеруімізді сұраушылар болды. Сөйтіп, қолға қалам алып, мәселенің мәнісін талқылап көрдік.

Ойын алаңдарын салу мен оны күтіп ұстау жұмыстары бойынша жергілікті атқарушы органның мәлімдеме жасауға асықпайтынын аңғардық. Себебі, мәселе көзге көрініп тұр. Видеоға байланыс­ты қалыптасқан сыни пікірлердің әрбірі дәйекті дәлелдерге негізделген. Видео авторы бұл мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатқанын, бірақ көңіл бөлінбейтінін атап өтті.

– Мен бұған дейін де кенттегі келеңсіз тірліктер туралы өзімнің азаматтық пікі­рімді білдірдім. Ойын алаңдары жөнінде түсірілген видеодан да осыны аңғаруға болады. Балалар көп, ойнайтын жер жоқ. Бар ойын алаңдары сынған, жарамсыз, ескі-құсқы жабдықтарға толы. Кейбірі балаларға өте қауіпті. Осыны кім тексереді, кім бақылайды? Неге билік өкілдері ойын алаңдарының сапасы мен жай-күйін аралап көрмейді, атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен ақпараттандырмайды? Балаларға облыс орталығындағыдай сапалы жабдықталған ойын алаңдары қажет, – дейді Рүстем Жарқынбекұлы.

«Сын шын болсын» деген тәмсілге сүйенетін болсақ, видео авторының айтқан уәжі орынды. Біз осы мәселе бо­йынша кент әкімі Н.Бисембаевпен хабарласып, пікірін білдік.

«Бұл мәселе біздің тұрақты назарымызда. Кент әкімдігі былтырдан бастап ойын алаңдарын жаңарту жұмыстарын қолға алды және тиісті жоба-сметалық құжаттар әзірленді. А.Әлиакбаров кө­шесіндегі қос қабатты тұрғын үйлердің ауласын асфальттау және ойын алаңын жаңарту мақсатында дайындалған жоба-сметалық құжат қазіргі таңда сараптамада. Сараптама қорытындысы шықса, бюджетке ұсынамыз. Бәрі бюджеттің мүмкіндігіне қарай реттеледі. Осы ретте, тұрғындардан ойын алаңдарын сапалы ұстауды сұраймыз, жекелеген азаматтар өздері тұратын аумақтың тазалығына да мән беруі қажет. Мемлекет қаржысы есебінен салынған ойын алаңдарын бұ­зып, темірлерді қабылдау орындарына өткізгендер де анықталды. Оларға айып­пұл санылып, тиісті жауапкершілікке тартылды» деді кент әкімі.

Мәселе бар, оны шешу билік назарында. Қолға алынған бастамалардың қашан аяқталатыны уақыт еншісінде...

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ 
18 мамыр 2021 ж. 569 0