"Қызылорда – Жалағаш" автожолы жөнделетін болды
Соңғы кездері «Қызылорда – Жалағаш» автожолының жөндеуді қажет ететіні тұрғындар арасында көп талқыланып, автокөлік тізгіндеушілер өздерінің шағымы мен ұсыныстарын жергілікті атқарушы билікке жиі айтып жүрген еді.
Бұл мәселе әлеуметтік желілерде де қызу талқыға түсіп, бірнеше сыни ақпараттар да жарияланды. Осыған сәйкес, өткен айда облыстық мәслихат депутаттары ауданға жұмыс сапарымен келіп, уақытша комиссия отырысы өткен болатын.
Жиында аудан әкімі Руслан Рүстемов аудан тұрғындарын ғана емес, көршілес жатқан аудандардың да азаматтарын алаңдатқан мәселені көтеріп, жолды жөндеуден өткізетін уақыт келгенін, автокөлік жолы тозғанын айтып, облыстық бюджеттен қаржыландыруға қолдау сұраған.
Міне аталған мәселе облыс әкімінің және облыстық мәслихат депутаттарының қолдауымен шешімін тапты. Күні кеше өткен облыстық мәслихаттың 37-сессиясында қаржы бөлу жөнінде шешім қабылданды.
Облыстық мәслихаттың сессиясында «Автомобиль жолдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету» бюджеттік бағдарламасы бойынша облыстық маңызы бар «Қызылорда – Жалағаш» автомобиль жолын ағымдағы жөндеуге және күтіп ұстау шығындарына 34 млн. 291 мың теңге қаржы қаралғаны айтылды. Облыстық бюджет есебінен бөлінген қаржы жыл соңына дейін игерілетін болады. Яғни, енді аз уақытта жолдағы шұңқырлар жамалып, тегістеліп, автокөліктердің қала орталығына емін-еркін қатынауы үшін қарқынды жұмыстар жүргізіледі.
Аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің алдағы нөміріне жол жөндеу жұмыстарының барысы жөнінде арнайы мақала жарияланатын болады.
"ТТ" ақпарат