Ірі шаруашылықтағы іргелі істер
Сырдария ауданы жыл сайын күріштен тау тұрғызып, мол өнім алуда. Бұл жетістікке сырдариялық диқандар көктемгі қызу еңбектің нәтижесінде жетіп келеді. Сол үрдіспен биыл да қажырлы жұмыс істелуде. «Егінші жылда арманда» демекші Аудандағы ірі шаруашылықтар көшін бастап жүрген Нағи Ілиясов ауылындағы «Мағжан және К» ЖШС күрішшілері биыл да мол өнім алуға ниетті. өңірдегі су тапшылығы қиындығына қарамастан тәжірибелі еңбеккерлер ерте көктемнен егін науқанына дайындалып, бүгінде дән себу жұмыстарын жүргізуде. Егінжаймен танысу мақсатында республикадағы үлгілі ауылға барып, серіктестік төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Дархан Ералиевпен кездестік.
Өткен жыл табысты қорытындыланды
Іргелі серіктестік өткен жылды табысты қорытындылады. Нағилық диқандар былтыр су жетіспеушілік мәселесін бірлесе еңсеріп, қамбаға мол астық құйды. Атап айтқанда, 2020 жылы шаруашылық 5100 гектарға Сыр дақылын ексе, оның әр гектарынан 70 центнерден жоғары өнім алды. Нәтижесінде, аудан шаруашылықтарының ішінде алдыңғы қатардан көрінді.
Ел қамбасын алтын дәнге толтырған еңбек майталмандарына серіктестік жыл сайын «Алтын дән» мерекесін ұйымдастырып, құрмет көрсетеді. Егінжай ерлерінің елеулі еңбектерін атап, озаттарды марапаттайды. Былтыр да карантиндік шектеу талаптары сақталып, еңбекшілер мерекесі іргелі ұжымның құрылғанына 15 жыл толу мерейтойымен қатар атап өтілген.
– Біз өткен жылы «Мағжан және К» ЖШС-нің 15 жылдығын атап өттік. Шаруашылық құрылған жылдан бастап ата кәсіпті дамытып, ауыл халқын жұмыспен қамтып келеді. Осы уақыт аралығында шаруашылық іргелі ұжымға айналды, заманауи техникалармен толықты. Мұның барлығы ауыл халқының, еңбеккерлердің ауызбірлігінің арқасы. Сол үшін де біз ауылдың гүлденуін үнемі назарда ұстаймыз. Сонымен бірге әр жыл сайын еңбек адамдарына құрмет көрсетіп келеміз, – дейді серіктестік төрағасы Д.Ералиев.
Серіктестіктің 15 жылдың мерейтойына мерекелік медальдар әзірленіп, әр саладағы еңбек озаттарына табысталған. Оған қоса, толағай табыстарға қол жеткізген еңбеккерлер автокөлік мінген. Атап айтқанда, озат бригадирлер Бақтияр Кішаев пен Беркінбай Ембергенов, озат жаткист Бауыржан Ысқақ, озат комбайншы Азамат Құрақбаев, озат күрішші Жасұлан Мығымбаев еселі еңбектерінің нәтижесін көрді. Одан бөлек, жылдағы үрдіспен шаруашылық қызметкерлері бағалы сыйлық алған. Бұл ретте, шаруашылық жұмысын ақпараттандырған әріптестеріміздің мерекелік медальмен марапатталғанын да атап өтуіміз керек.
Айта кету керек, өткен жылы диқандар Бақытжан Сыздықов (82ц), Асхат Асқарбеков (81ц), Мұрат Жақсыбаевтар (81 ц) озаттар көшін бастаған.
Егін егу науқаны екпінді
Жалпы, жыл басынан биыл су тапшылығы болатыны айтылып, қазір шаруалар сол қиындықты бастан өткеруде. Осыған байланысты «Мағжан және К» ЖШС жыл өткен сайын егістік көлемін қысқартып, әртараптандыру жұмыстарына басымдық беріп келеді.
– Біз биыл 5000 гектарға күріш егудеміз. Су тапшылығына орай екі жыл көлемінде 200 гектар егістік алқап қысқартылды. Судың жетіспеушілігі егін науқанына кері әсерін тигізуде. Олай дейтінім, біз осы уақытта егін науқанын толық аяқтап, күрішті суға бастырып болатынбыз. Ал қазіргі таңда серіктестік еңбеккерлері 3700 гектар жерге дән сеуіп, оның 3200 гектары суға бастырылды, – дейді Дархан Жұмашұлы.
Сонымен қатар шаруашылық биыл 400 гектар жерге бидай, 2150 гектарға ескі жоңышқа, 600 гектар жерге жаңа жоңышқа еккен. Ал суды аз қажет ететін дақылдардың ішінде арпа 100 гектар жерге орналастырылған. Сондай-ақ осы жылы 10 гектар жерге зығыр дақылы егілген. Бұл дақылды биыл тәжірибе жүзінде сынап көрмек. Өнімі мол болса, келер жылы зығыр егу көлемін арттырады.
Науқандық жұмыстарға серіктестіктің техникалары толығымен жасақталған. Қазіргі таңда шаруашылықта 22 «МТЗ-80», 8 «John Deere» тракторы бар. Оған қоса, 6 лазерь арқылы тегістегіш техникасы мен «Скрепер» тракторлары атыздарды теп-тегіс етуге пайдаланылған. Биылғы егін егу науқанына серіктестік 5 жаңа соқа алған. Сондай-ақ «Claas» комбайнын сатып алмақ. Жалпы айтқанда, бүгінде іргелі шаруашылықтың 90 пайыз техникасы жаңарған.
Серіктестік тұқым дайындайды
Д.Ералиев басқаратын іргелі шаруашылық бүгінде 500-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Базасы жасақталған. Өзге шаруашылықтардағыдай тұқымды сатып алмайды. Серіктестіктің тұқым зауытында жыл сайынғы күріш тұқымы әзірленіп, оны басқа шаруашылықтар тұтынады. Тұқым шаруашылығы саналатын серіктестік бидай, жоңышқа тұқымдарын да даярлайды.
Биылғы жылы өзге шаруашылықтарға 2500 тонна күріш тұқымы сатылған. Сондай-ақ 1000 тонна бидай мен 300 тонна жоңышқа тұқымы әзірленіп, сұранысқа сай сатылыпты.
Сапалы тұқым даярлау үшін бұл іске арналған құрылғылар жаңарған. Сондай-ақ өткен жылы шаруашылықтың қырманы да қайта жаңғыртудан өтіпті.
– Биыл қырманға асхана мен жатақхана салуды жоспарлап отырмыз. Серіктестік еңбеккерлерді ыстық тамақпен қамтамасыз етіп келеді. Енді жатақхана салсақ, еңбек адамының тынығып алуына мүмкіндік болады. Сондай-ақ басқа ауылдардан қатынап істейтін шаруашылық еңбеккерлеріне жатақхана өте тиімді, – деді аудандық мәслихат депутаты Дархан Жұмашұлы.
Бүгінгі таңда серіктестік тарапынан шаруашылық жұмысын әртараптандыруға басымдық берілуде. Соған сәйкес биыл 6,5 гектар жерді қамтитын алма бағы ашылған. Онда алманың «семеренко» және «голден делишес» сорттарынан 3000 түп отырғызылған. Бұл – шаруашылық адамдарын, жалпы ауыл халқын жеміспен қамту бағытындағы игі іс.
Ауыл әлеуетін арттыруда
Елбасы Н.Ә.Назарбаев үлгілі ауылға келгенде «Барлық ауыл Нағидай болсын» деп бекер айтқан жоқ. Шаруашылық жұмысы ілгерілеп, әлеуеті артқанда елді мекенді гүлдендіруді қолға алды. Содан бастап бүгінге дейін ауылдағы әлеуметтік нысандардың салынуына ұйытқы болып, Нағи Ілиясов елді мекенін көркейтуге қомақты қаржы бөліп келеді. Мәселен, серіктестік ауыл тазалығын сақтауды тұрақты бақылауда ұстайды. Гүлдендіру де шаруашылық есебінен жүргізіледі. Биылдың өзінде бірқатар әлеуметтік нысандардың жөнделуін жүзеге асырған. Атап айтқанда, жекеменшік әріптестік аясында ауыл орталығындағы мәдениет үйінің жөндеу жұмыстарын жүргізген. Халықтың денсаулығын жіті қадағалайтын ауылдық емхананы да ағымдағы жөндеуден өткізіп берді.
Сондай-ақ «Балдырған» балабақшасына 40 секциялық шкаф, 90 орындық, 25 үстел және 2 теледидар мен 2 тақта алып берді. Демеушілік көмектің жалпы сомасы 2 млн 300 мың теңгені құрайды. Елді мекен орталығынан балаларға арналған ойын алаңын да серіктестік салып берді. Балалар ойын алаңы заманауи үлгіде жабдықталған. Бұл жерде балалар ойын ойнаумен қатар спортпен де шұғылдана алады. Сонымен бірге сырғанайтын шағын жабдықтар мен әткеншектер қойылған. Ең бастысы, ойын алаңы ауылдың барлық тұрғындары үшін қолжетімді.
Бұдан бөлек, серіктестік шаруашылық еңбеккерлерін сұраныстарына сай малға қажетті жем-шөппен қамтып келеді. Ал қыс мезгілінде ауыл халқына 2 тоннадан тегін көмір түсіріп берген.
Біз Нағи ауылына ат басын бұрғанда тағы бір қуанышты жаңалықтың куәгері болдық. Осы күні шаруашылықтың демеушілігімен жаңа спорт алаңы пайдалануға берілді. Жастардың спортпен шұғылдануына зор мүмкіндік болған спорт алаңының ашылуына шаруашылық төрағасы Д.Ералиев, «Абзал және К» ТС директоры М.Ералиев, ауыл әкімі С.Нұрмағанбетов және ауыл ардагерлері қатысып, жылы лебіздерін жеткізді.
Жалпы құны 12 млн теңгені құрайтын футбол алаңы жастардың бұқаралық спортты дамытуына зор септігін тигізеді. Спорт алаңында осы күні «Абзал және компания» толық серіктестігіне қарасты мекемелер арасында футболдан турнир өткізіліп, жеңімпаздар марапатталды.
Қорыта айтқанда, ауылдың гүлденіп, республикадағы үлгілі ауылдар қатарында болуына шаруашылық зор үлес қосып келеді.
Ердос БЕРКІНБАЕВ