Еңбек мерекесі тойланды
Нағи Ілиясов ауылындағы «Мағжан және К» серіктестігі – аудандағы іргелі шаруашылықтың бірі. жыл сайын озаттар қатарынан көрінетін серіктестік биылғы жылды табысты қорытындылады. Егін даласында адал еңбегімен танылған диқандар 5100 гектар алқапқа Сыр салысын егіп, оның әр гектарынан орта есеппен 63,2 центнерден өнім алды.
Ел қамбасын алтын дәнге толтырған еңбек майталмандары бұрнағы күні «Алтын дән – 2020» мерекесін өткізді. Карантин талаптары сақталған шарада еңбек озаттары алғысқа бөленіп, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Мерекелік шарада шаруашылық директоры Дархан Ералиев диқандардың ала жаз бойы атқарған жұмысына ризашылығын білдірді.
– Еңбек адамдарына деген құрмет қашанда басым келеді. Бүгінгі сіздердің марапаттарыңыз ол адал еңбекпен төгілген тердің арқасы. Сіздер, егінжай ерлері толағай табыстарға қол жеткізіп, серіктестіктің биік белесті бағындыруына еңбек етіп келесіздер. Сондықтан да дала диқандарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Биылғы жылы біздің шаруашылық аудандағы озаттар қатарынан көрініп, жоғары сортты күріш дақылын егуде І дәрежелі дипломмен марапатталды. Бұл сіздердің еңбектеріңіз, – деді аудандық мәслихат депутаты Дархан Жұмашұлы.
Бекем бірлік пен көркем тірлікті ту еткен іргелі ұжымның құрылғанына биыл 15 жыл толып отыр. Айтулы дата қарсаңында серіктестіктің мерекелік медальдары әр саладағы еңбек озаттарына беріліп, шынайы құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, толағай табыстарға қол жеткізген бес бірдей еңбеккерге су жаңа автокөліктің кілті табысталды. Олардың қатарында озат бригадирлер Бақтияр Кішаев пен Беркінбай Ембергенов, озат жаткист Бауыржан Ысқақ, озат комбайнер Азамат Құрақбаев, озат күрішші Жасұлан Мығымбаев бар. Сонымен қатар, биылғы жылды табысты қорытындылаған серіктестіктің 100-ге тарта қызметкеріне «Алғыс хат» пен бағалы сыйлықтар берілді.
Алғыс пен марапатқа бөленген дала еңбеккерлері көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.
Майя ҚОЖАБАЙ