«Cоңғы қоңырау» салтанаты қалай өтеді?
Бір аптадан соң тағы бір оқу жылы аяқталып, оқушылар жазғы демалысқа шығады. Биыл кейбір білім беру ошақтары карантиндік жағдайға байланысты түрлі форматта оқыды. Сақтық шараларына байланысты оқушылар үшін кезекші сыныптар жұмыс істеді. Ал мектеп бітірушілер көп жағдайда мектеп қабырғасында білім алды.
Он бір жыл бойы алтын ұя мектептен, ардақты ұстаздарынан тәлім-тәрбие алып, білім нәрімен сусындаған түлектер үшін санаулы күндерден кейін соңғы қоңырау соғылады. Қимастық сезімі басым болатын салтанатты іс-шара биыл қандай жағдайда өтетіндігіне оқушылар мен ұстаздар, ата-аналар қауымы алаңдағаны рас. Осыған орай, облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жағымды жаңалықты жеткізді.
Басты жаңалық – «Соңғы қоңырау» мерекесіне мектеп бітіруші 9 және 11-сынып оқушылары мен ата-аналарының қатысуына рұқсат берілді. Бекітілген ережесіне сәйкес іс-шара ашық аспан астында, мектеп ауласында ұйымдастырылады. Әр сынып бөлек өткізіп, әлеуметтік ара-қашықтық сақтау міндеттеледі. Яғни оқушылар бір-бірінен 1,5-2 метр қашықтықта тұрады. Барлығы медициналық маска киюі тиіс.
Облыстық білім басқармасының басшысы брифингте мектеп бітіруші түлектерге аттестат тапсыру кеші «Тәуелсіздік ұландары» тақырыбымен өтетінін айтты. Іс-шара 12-14 маусым аралығында ұйымдастырылып, оған түлектердің мектеп формасымен қатысуы талап етіледі.
– Биыл ауданда орта білім алып, мектеп бітіретін 387 түлек 25 мамыр күні «Соңғы қоңырау» іс-шарасына қатысады. Сонымен қатар 9-сынып бітіруші 714 оқушылар үшін де «Соңғы қоңырау» салтанаты өтеді. Мектеп ауласында ұйымдастырылатын іс-шараға түлектердің ата-анасының біріне ғана қатысуына рұқсат беріледі. Елдегі ахуалға байланысты санитарлық талаптарды қатаң сақтап, оқушылардың арақашықтығы 1,5-2 метрден болады. Іс-шараны ұзатпай, 40-50 минут ішінде аяқтау керек. Аттестат алу кеші де мемлекеттік емтихан аяқталған соң осындай талапқа сәйкес өтеді. Ешқандай мерекелік дастархан жаюға немесе үй жағдайында, яғни мейрамханаларда кеш өткізуге қатаң тыйым салынады. Қазір біздер адамдардың қауіпсіздігіне жауаптымыз. Елді есеңгіреткен пандемия адамдарға оңай тиіп жатқан жоқ. Сондықтан ережені сақтау арқылы жақынымызға жанашыр болайық, – дейді аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ләззат Мығымбаева.
Айта кету керек, арнайы брифингте облыстың бас педагогы оқушылар мен ата-аналардан қандай мақсатқа болмасын қаржы жинауға тыйым салынғандығын айтты. Сонымен қатар ата-аналар мен оқушыларды карантиндік талаптарға бағынуға шақырды.
Бибісара ЖАНӘЛІ