Cоңғы қоңырау он-лайнмен соғылды
Еліміздің барлық мектептерінде 25 мамыр күні оқу жылы аяқталды. Оқу жылының төртінші тоқсанын пандемияға байланысты қашықтан оқу форматымен оқыған оқушылар соңғы қоңырауды он-лайн түрінде өткізді.
Биыл ауданның 17 білім беру ошағында 7992 оқушы білім алып, оларға 1150 мұғалім дәріс берді.
Күні кеше 1-10 сыныптарға арналған мерекелік шараны сынып жетекшілері ұйымдастырып, он-лайн түрінде оқушыларды мектеп басшысы, ата-аналар комитеті, қамқоршылық кеңес мүшелері оқу жылының аяқталуымен құттықтады. Слайд арқылы оқу жылындағы жетістіктері көрсетіліп, бейнебайланыс арқылы оқушылардың ұстаздарына деген жылы лебіздері жеткізілді. Он-лайн түрінде соғылған соңғы қоңырау үні оқушылардың жаңа оқу жылында қайта табысуға шақырды.
– Дүниежүзін шарпыған қауіпті дертке байланысты оқушылар соңғы оқу тоқсанды он-лайн форматпен оқыды. Оқу процесінде ыңғайсыздық болғанымен, қиындықты бірге еңсерген ұстаздарға, жағдайға түсіністікпен қараған барша ата-аналар қауымына, оқушыларға алғыс айтамын. Биылғы мектеп бітіруші түлектер үшін мектеп бітіру шарасы «Birgemiz: Түлек – 2020» ұранымен 3-4 маусым күндері өтеді. Салтанатты шара кезінде оқушылардың қауіпсіздігі үшін барлық жағдай жасалады. Жиын мектеп ауласында ашық аспан астында санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізіледі. Барша ұстаздарды, оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтаймын, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы Қалихан Омаров.
Биылғы оқу жылында елдегі жағдайға байланысты мемлекеттік қорытынды емтихандар болмады. Жылдық қорытынды бағаны қою үшін мектептерде бөлім бойынша жиынтық бағалау мен тоқсандық жиынтық бағалау жүргізілді.
Айта кету керек, биылғы мектеп бітіруші 341 түлектің 273-і ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген. Бұл бітірушілердің 80 проценті. Алтын белгіге 45 үміткер бар. Жас түлектер соңғы қоңырауда аттестат алып, жаңа өмірге қадам басады. Ал маусым айының соңында Қызылорда қаласына барып Ұлттық бірыңғай тест тапсыратын болады. Түлектердің ата-аналары балаларының сынақ тапсыру кезін үйлерінде қалып он-лайн түрінде бақылайтын болады. Бұл балалардың денсаулығы мен қауіпсізідігі үшін маңызды екенін ескерген жөн.
Бибісара ЖАНӘЛІ