Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекет басшысы марапаттады

Мемлекет басшысы марапаттады

Сырдария ауданының тумасы, бейбіт күннің батыры Әбдікәрімов Дархан Есенгелдіұлы туралы бұған дейін де жазған болатынбыз. Қоғамдық тәртіпті сақтау мен ел тыныштығын күзетуді бас­ты мақсат еткен ол ҚР Ішкі істер министрлігінің көліктегі полиция департаментінің Қызылорда станциясындағы желі­лік полиция бөлімінің аға инспекторы қызметін ат­қарады. Жерлесіміз «Отан қорғаушылар күніне» орай Ақор­да төрінде ұйымдастырылған салтанатты іс-шарада ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Ерлігі үшін» медалін алды.

Ерлік пен елдік сыналған сәтте аза­мат­тың батырлығы, қайсарлығы және өз ұстанымына деген адалдығы танылады. Қазан айында Дархан Әбдікәрімов өзінің азаматтығын танытып қана қойған жоқ, тәртіп сақшысы ретіндегі жауапты міндетін абыроймен атқарды. Ол дер кезінде ұтымды шешім қабылдап, бір жастағы сәбиді өрттен аман арашалап қалды. Қызыл жалыннан тайсал­маған қырағы полицей бұл күнді ешқашан ұмытпайтынын айтады.

– Қызылорда қаласындағы «Нұр-Орда» шағын ауданында орналасқан көпқабатты үйдегі пәтерден шыққан өртті ауыздықтау оңайға соқпады. Біз көршілермен тілсіз жауды тоқтатуға барымызды салдық. Менің ойымда ең бірінші кезекте көк түтіннің астында қалған сәбиді құтқару тұрды. Қапе­лімде қиын жағдайға тап болған пәтер тұрғындары қауіп-қатерге толы төтенше жағдайды басынан өткерді. Қай уақытта да біздің міндетіміз – қиналған жандарға қол ұшын созу. Ең бастысы, үй иелерінің өрттен аман-сау қалғанына қатты қуандым. Бұл күнді ешқашан ұмытпаймын. Еңбегімізді елеп, марапаттап жатқан егемен елімізге, Мемлекет басшысына алғыс айтамын, – дейді Дархан Есенкелдіұлы.

Иә, төтенше жағдайдың қашан, қалай болатынын ешкім тап басып айта алмайды. Күтпеген сынақ орны толмас өкініш әкелуі мүмкін. Ол сынақтан тек ерік-жігері мықты, кәсіби шыңдалған, ержүрек адам ғана аман өтеді, өзгелерді де аман сақтап қалады. «Ерлігі үшін» медалін кеудесіне таққан жерлесіміз Дархан Әбдікәрімов ержүрек азаматтардың бірі. Соңғы 16 жылдан бері құқық қорғау саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан ол мерейлі марапатты кәсіби маман болып қалыптасуына зор үлес қосқан әріптестерінің, ата-анасының еңбегіне берілген құрмет деп біледі. Алдағы уақытта да халыққа қалтқысыз қызмет етуді мақсат санайды.

– Мемлекет басшысының қолынан марапат аламын деп ойлаған жоқпын. Әрине, толқу болды. Бұл марапат жұмысыма серпін беретініне сене­мін, жауапкершілікті сезінемін. Жерлес­терімді аудандық газет арқылы «Отан қорғушылар күнімен» және Жеңістің 76 жылдығымен құттықтаймын, – дейді бейбіт күннің батыры.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
12 мамыр 2021 ж. 600 0