Бейбіт күннің батыры

– Қызылорда қаласындағы «Нұр-Орда» шағын ауданында орналасқан көпқабатты үйдегі пәтерден шыққан өртті ауыздықтау оңайға соқпады. Біз көршілермен тілсіз жауды тоқтатуға барымызды салдық. Менің ойымда ең бірінші кезекте көк түтіннің астында қалған сәбиді құтқару тұрды. Қапелімде абдырап қалған пәтер тұрғындары нағыз қауіп-қатерге толы төтенше жағдайды басынан өткерді. Қай уақытта да біздің міндетіміз қиналған жандарға қол ұшын созу екені мәлім. Ең бастысы, үй иелерінің өрттен аман-сау қалғанына қатты қуандым, – дейді Дархан Есенкелдіұлы.
Бейбіт күннің батыры – ауданға қарасты Сәкен Сейфуллин ауылының тумасы. Отбасында 4 ағайынды. Өзі туып өскен ауылдағы №137 қазақ орта мектепте 9-сыныпқа дейін білім алып, Алматы есеп-технологиялық колледжін «Есеп және аудит» мамандығы бойынша тәмәмдаған. Содан кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Қаржы және несие» мамандығы бойынша білімін жетілдіреді. Соңғы 16 жылда ішкі істер саласында табанды еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман бүгінде ҚР ІІМ Көліктегі полиция Департаментінің Қызылорда станциясындағы желілік полиция бөлімінің Штаб бөлімшесінің аға инспекторы болып абыройлы қызмет атқаруда.
Құқық қорғау саласында әркез қырағылығымен көзге түсе білген тәртіп сақшысының інісі Нұрхан Әбдікәрім сот саласында еңбек етеді. Ол Сырдария аудандық сотының бас маманы. Ата-анасы Есенкелді мен Алмаш құқық қорғау саласында абыройлы еңбек етіп келе жатқан перзенттерін әркез көпшілікке мақтан етеді. Атап өту керек, бейбіт күннің батыры Дархан Есенкелдіұлы жары Манатпен бірге отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.
Тәжірибелі тәртіп сақшысы Дархан Есенкелдіұлы ҚР ІІМ-нің және Көліктегі полиция Департаменті басшылығының бірнеше мәрте «Алғыс хатымен» және арнайы төсбелгісімен марапатталған.
Балтабай ОРДАБЕКОВ