Жаңа Қаулы қабылданды
«Вакцина кез келген жұқпалы аурудың алдын алудың қауіпсіз жəне тиімді құралы болып табылады жəне кез келген дамыған алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесінің негізін құрайды» дейді медицина мамандары. Яғни, қазіргі жағдайда қауіпті індеттен құтылудың ең тиімді жолы екпе қабылдау екені анық.
Ауданда медицина мамандарының қажырлы жұмысының нəтижесінде вакцина қабылдау жұмыстары қарқынды жүргізілді. Бүгінгі таңда 4800 сырдариялық екпе салдырып, ұжымдық иммунитет қалыптастыруда белсенділік танытты. Осы күні аудандық ауруханада вакцинаның І компонентін қабылдаған аудан тұрғындары белгіленген уақыт өткеннен кейін ІІ компонентін қабылдауда.
2021 жылдың 10 мамырындағы көрсеткіш бойынша Қызылорда облысы «жасыл» аймаққа енді. Алайда аудан əлі де «қызыл» аймақта. Кешегі күнгі мəлімет бойынша ауданда індет жұқтырғандар саны 210-ға жетті. Ал 144 сырдариялық індеттен айығып шықты. Облыстың «жасыл» аймаққа енуін ескере отырып, ауданның Бас мемлекеттіксанитариялық дəрігерінің 2021 жылғы 14 сəуірдегі «Сырдария ауданы бойынша шектеу, оның ішінде карантиндік шаралары туралы» №1 Қаулығы өзгерістер енгізу туралы 2021 жылдың 11 мамырында №2 Қаулысы қабылданды. Онда сұлулық салондарының, шаштараздардың, маникюр жəне педикюр қызметтерін көрсететін орталықтар мен салондардың жұмысын орналасқан жеріне қарамастан, жұмыс кестесін жəне демалыс күндері сағат 8.00-ден 21.00-ге дейін ұйымдастыруға, азық-түлік дүкендері, шағын маркеттер жұмысын штаттық режимде белгілей отырып ұйымдастыруға болатыны көрсетілген. Сондай-ақ қоғамдық тамақтану обьектілерінің жұмысын, ғимараттың ішінде толтырылуы 50 пайызға дейін сағат 9.00- ден 20.00-ге дейін ұйымдастыруға рұқсат етілген. Айта кету керек, ұжымдық, салтанатт, отбасылық, еске алу жəне басқа да бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салынады. Сонымен қатар Қаулының 21 тармағы «міндеттерін қашықтан орындау мүмкін емес жұмыскерлерді қоспағанда, «COVID-19»-ға қарсы вакцинацияланбаған жəне соңғы 6 ай ішінде «COVID-19»-бен ауырмаған қызметкерлер қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстырылсын» деп толықтырылған.
Ердос БЕРКІНБАЕВ