Әсем Қарашалова: «Вакцина – қауіпті кеселден құтқарады»
«Қазір әлем елдері коронавирус індетімен барынша күресіп жатыр. Бұл кесел біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Ал сала мамандары болса, кеселді жеңудің жалғыз ғана жолын айқындап отыр. Ол – вакцина салдыру». Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте қала тұрғыны Әсем Қарашалова осылай деді.
– Санаулы күндер бұрын өңіріміз «Қызыл аймаққа» еніп, санитарлық-эпидемиологиялық ахуал нашарлап кетті. Бұл бәрімізді алаңдатып отыр. Себебі коронавирус – қауіпті кесел. Дерттің тырнағына ілінген науқастар көз жұмып жатқанын естіп те, көріп те жүрміз. Мамандар тәж-тажалды жеңуге тек екпе көмектесетінін айтып-ақ жатыр. Алайда көпшілік әлі күнге дейін екпеге күмәнмен қарайды. Препаратқа сенімсіздік танытып отырғандардың қатарында жастар мен қарттар да бар. Бұл ретте мен кәсіби мамандардың кеңесіне құлақ асқан дұрыс дер едім.
Менің мектеп жасындағы балам бар. Мен үшін қызымның қауіпсіздігі бәрінен маңызды. Сол себепті екпе салдырып, өзімді қауіпті індеттен қорғаймын деп шешім қабылдадым. Вакцина салдырдым. Бүгінде денсаулығым жақсы. Қазіргі таңда бойымды билеген қорқыныш сейілді. Өзіміз бен отбасымызды қорғаудың жалғыз жолы вакцинация болса, одан қорқып не керек? Сақтық шараларын ел болып жасайық, – деді Әсем Нұрланқызы.