Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАЗА БАСҚАНДАРДЫ ҚОҒАМҒА БЕЙІМДЕУ МАҢЫЗДЫ

ЖАЗА БАСҚАНДАРДЫ ҚОҒАМҒА БЕЙІМДЕУ МАҢЫЗДЫ

Жақында әкімдікте пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтармен кездесу өтті. Оған облыстық прокуратураның үкімін орындалуын қадағалау басқармасының бастығы Дарын Әбіш, облыс бо­йынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің басшылық жасау бөлімінің бастығы, әділет ма­йоры Өмірзақ Сейдахметов, аудан прокуроры Ерлан Алмазұлы және аудандық пробация қызметінің инспекторы, әділет майоры Нұрхан Дүйсенбаев қатысты. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев ашып, жүргізді.
Елбасының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамның» 33 қадамында «Бас бостандығынан айыру орнынан босаған және сынақтан өту қызметіне тіркелген азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін қалыпқа келтіру. Осындай азаматтар үшін арнаулы әлеуметтік қызмет стандарттарын және әлеуметтік оңалтудың кешенді стратегиясын жасау» жүктелген. Осыған орай елімізде бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету қолға алынды. Яғни оларды қоғамнан оқшауламай, керісінше еңбекке тартып, әлеуметтік статусын көтеру бағытында жүйелі істер жүргізілуде.
Кездесуде облыстық прокуратураның үкімін орындалуын қадағалау басқармасының бастығы Д.Әбіш нысаналы топтарды әлеуметтендірудің маңызына тоқталды.
– 2017 жылдан бастап қолданысқа енген «Пробация туралы» Заң аясында құқық қорғау органдарының осы қызмет есебінде тұратындарды әлеуметтендірудің міндеті айқындалды. Құқықтың реформаның негізі – Қазақстандағы бас бостандығынан айырылғандар санын азайту, олардың мұқтаждығын өтеу арқылы түзу жолға түсіру болып табылады. Әрине «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» дегендей адамдардың 90 проценті абайсызда қылмысқа барып жатады. Оларды мерзімінен бұрын босатып, құқықтық, медициналық көмек көрсету, жұмыспен қамту арқылы қоғам өміріне араластыру – басты міндет. Сондықтан есепте тұрғандарға мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсету жүйеге қойылған. Сол мүмкіндікті іске асыруымыз қажет, – деді басқарма бастығы.
Сондай-ақ Д.Әбіш есепте тұрған азаматтарды бақылау үшін отбасына барып мүмкіндігін шектемес үшін арнайы кездесулер өткізіліп жатқанын айтты. Оған қоса оларды жұмыспен қамтып, отбасы мүшелеріне шектеу болмау керектігін ескертті. Керісінше қолдау білдіріп, ұл-қыздарын жазғы тынығу лагерлеріне жіберу қажеттілігін қозғады. Кәсіп ашуға ниеттілерге қолдау білдіруді де атап өтті. Мұнан соң кездесуге келген әрбір азаматпен тілдесіп, оларға құқықтық, медициналық көмек көрсетіліп жатқанынан хабардар болды. Әрбірінің жұмыспен қамтылуын да назарға алды.
Қазіргі таңда аудандық пробация қызметі есебінде 35 адам тіркеуде тұр. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде 16 адам хабарласқан. Оның 11-і тұрақты жұмысқа орналасса, 4-і қоғамдық жұмысқа тартылды. «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша 3 адам қысқа мерзімді кәсіби оқуға жіберілсе, 1 адамға әлеуметтік көмек көрсетілген. Бұдан бөлек биылғы жылы квота бойынша 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта да есепте тұрған азаматтарды жұмыспен қамту мүмкіндіктері қарастырылмақ.
Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев жұмыс орындарына квота белгілеуге қатысты ұсыныс-пікірін айтты. Бастысы, оларды тұрақты жұмыспен қамту үнемі назарда болатынын және қоғамнан оқшауламай қоғамдық-мәдени, спорттық шараларға қатыстырып жатқанын жеткізді. Өз кезегінде Дарын Әбіш пробация есебінде ұзақ жылдар тұрып, түзелген азаматтарды есептен шығару керектігін айтты. Сонымен бірге бұл азаматтар үнемі назарда болатынын және мемлекет ұсынған жұмыстан бас тартпай, істеу қажеттілігін ескертті.

Е.БЕРКІНБАЕВ

03 тамыз 2019 ж. 697 0