Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Алтын сағатқа» «Сыр сұлуы» әні орнатылды

«Алтын сағатқа» «Сыр сұлуы» әні орнатылды

Тереңөзек кентінің орталық алаңына түлектер тартуы ретінде ескерткішстелла орнатылғанынан көпшілік қауым хабардар. Аталған ескерткішстеллаға аудан тұрғындарының көп дауыс беруі мен қолдауының негізінде «Алтын сағат» деген атау берілді. Ал, әр сағат сайын соғатын дабыл дауысына «сыр сұлуы» әнінің үзіндісі таңдалған болатын. Бүгін мамандар «Алтын сағатқа» «Сыр сұлуы» әнін орнатты.

Айта кету керек, «Алтын сағатқа» әуен таңдау үшін құрылған қоғамдық комиссия құрамына ауданның тарихынан, өткені мен бүгінінен хабардар азаматтар мен қоғам белсенділері енді. Олардың ішінде мәдениет саласының майталманы, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Сансызбай Сәдуақасов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, республикаға белгілі сазгер Рамазан Тайманов ұсынылған әндердің ырғағын жанжақты талдады. Өз кезегінде қоғамдық комиссия мүшесі, аудандық мәдениет үйінің директоры Нұрхан Көшербаев комиссия отырыстарының уақытылы әрі сапалы өтуін ұйымдастырды. Сондай-ақ ескерткішстелла тереңөзектік түлектердің тартуы болған соң түлектердің пікірін комиссия мүшесі Тыным Ибраева жеткізді. Сондай-ақ ашықтық пен жариялылық қағидаты негізінде аудандық газет пен әлеуметтік желілерді ақпараттандыру жұмыстарын аудандық газеттің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы үйлестірді.

Комиссияның әр отырысы кеңінен ақпараттандырылды. Алғашында іріктелген 10 ән кейін 7 әнге қысқарды. Уақыт өте келе қоғамдық комиссияның қарауына үш ән ғана ұсынылды. Осы ретте комиссия мүшелері бірауыздан қолдаған «Сыр сұлуы» әнінің Сырдария ауданында дүниеге келгенін атап өту қажет. Сондықтан комиссияның бұл таңдауы тарихи және идеологиялық маңызға ие болды. Кейін әуеннің үзіндісі жазылып, зауытқа жіберілді. Ол әрине белгілі бір уақытты алатыны белгілі еді. Мәскеудегі сағат жасайтын зауыт менеджері Ульяна Зарецкаядан 15 шілде күні сүйінші хабар келді. Зауыт менеджері әуен жазылған сағат механизмін карантин талаптарының күшеюіне байланысты шілде айының соңына дейін жеткізетінін хабарлаған болатын. Екі жақты жүргізілген келісім-шарттар негізінде сағаттың әуен жазылған жүйесі елімізге 28 шілде күні келіп жетті, мамандар Тереңөзектегі ескерткішстеллаға жұма күні орнатты. Осылайша, «Алтын сағатқа» «Сыр сұлуы» әні орнатылып, дабыл дауысы ретінде әуезді ән шырқалуда.

Сағат сайын соғатын дабыл дауысының қай уақыттарда соғатынын нақтылау бағытында да талдау жұмыстары жүргізілді. Зауыт мамандары сағат сайын немесе үш сағатта бір рет соғатын нұсқаны әзірлей алатынын мәлімдеген соң жергілікті халықтың ұсыныс-пікірі ескеріліп, таңертеңгі 07.00 мен кешкі 21.00 аралығында соғатын болып келісілді. Өйткені, дабыл дауысының үш сағат сайын соғуын үйлестіру үшін таңертеңгі 06.00-де басталу керек болды. Бұл «Алтын сағатқа» жақын орналасқан тұрғындардың таңертеңгі ұйқысы үшін, әсіресе қыс мезгілінде қолайсыздық тудыратыны сөзсіз еді. Сондықтан 07.00-ден бастап, 21.00-де аяқтаған жөн деген шешім қабылданды.

Бүгінде айналасы әсем гүлдермен көмкерілген «Алтын сағат» кент келбетіне көрік қосып, аудан тұрғындарының серуендейтін, демалатын орнына айналды. Қазірдің өзінде көршілес Жалағаш ауданынан және Сырдария ауданына қарасты ауылдық округтерден арнайы келіп, суретке түсушілердің қарасы қалың. Алдағы уақытта кент әкімдігі бұл маңды абаттандырып, кенттің брендіне айналдырмақ ниетте.

Хайролла ӘБЕНҰЛЫ,  аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Аудан орталығына ескерткіш-стелла орнатылады деген хабарды жылы қабылдағанымыз рас. Кейін бұл тереңөзектік түлектердің туған жерге деген тартуы екенін естіп сүйсіндік. Бірақ сағаттың дабылының дауысы ұнамады. Алғаш естігенде шіркеудің дауысы секілді әсер етіп, көңілімізге қонбады. Бұл көп адамның көңілінде жүргені рас. Кейін дабыл дауысының қазақы нақышта өзгертілетіні аудандық басылымда хабарланды. Тұрғындардың көп дауыс беруі негізінде «Алтын сағат» деген атау таңдалынды. Енді міне, «Сыр сұлуы» әні орнатылыпты. Түлектерге, осы жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан азаматтарға алғыс айтамын. Ендігі кезекте ескерткіш-стелла айналасын таза ұстап, абаттандыруға басымдық беруіміз керек.

Рамазан ТАЙМАНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әуен таңдау үшін құрылған қоғамдық комиссияның төрағасы

: – Қазір әлеуметтік желінің әлеуеті артқан кезең. Тереңөзектегі жаңалықты «Фейсбук» әлеуметтік желісінен оқып, көріп отырамыз. Орталық алаңға ескерткіш-стелла орнатылғанын, оған атау мен әуен таңдау жұмыстарының жүргізіліп жатқанын әлеуметтік желіден көрдім.

Өзім сазгер болған соң әуен таңдау жөнінде бірқатар ұсыныстарымды айттым. Менің ең басты ұсынысым әуен жергілікті сазгердің туындысы немесе Сырдария ауданына қатысты болуы қажет еді. Өйткені, біздің өлке таланттарға бай әрі өзге өңірлерге мақтанышпен көрсете алатын туындылар да бар.

Қоғамдық комиссияның талқысына негізгі үш ән ұсынылды. Олар Махмуд Сақтаповтың «Тереңөзек», Кеңесбай Әбеновтің «Тереңөзегім» және Шәмші Қалдаяқовтың «Сыр сұлуы» әні. Алғашқы екі әннің ырғағы сағаттың дабылына сәйкес келмеді. Ал «Сыр сұлуы» әні талаптарға сәйкес келді әрі көңілге қонымды, құлаққа сіңімді болды. Сөйтіп, «Сыр сұлуы» әні таңдалды. Әуеннің біздің ауданда дүниеге келуінің өзі оның маңызын айшықтап тұр.

Тыным ИБРАЕВА, №36 мектептің 1980 жылғы түлегі:


– Биыл біздің мектеп бітіргенімізге 40 жыл толды. Бұл аз уақыт емес. Осыған орай сыныптастар ақылдаса келе, туған жерімізге тарту жасайық деген ниетте шешім қабылдадық. Аталған игі бастамаға Калининград, Санкт-Петербург, Мәскеу, Татарстан, Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараз, Түркістан, Байқоңыр, Қызылорда және Тереңөзекте тұратын достарымыз белсене атсалысты.

Біз туып-өскен өңір – қазақстандық ақ күріштің Отаны және ауданымыз үшін одан маңызды дақыл жоқ. Күріш өсіру жағынан Сырдария ауданы жылмажыл үздік табыстарға қол жеткізіп келеді. Сондықтан ескерткіш-стелла арқылы Сыр маржанын бейнеледік. Бұл игілігін бүкіл ел көріп отырған күрішіміз алдағы уақытта да жайқала өсіп, халықтың ырысына айнала берсін деген тілектен туындады. Күріш сабағының ұшындағы алып сағат уақыттың қаншалықты құнды екенін, оны бағалау керектігін еске салып тұрғандай. Ал оның күн сайын сағат 07.00 – 21.00 аралығында соғатын дабылы тереңөзектiктердi оятып, белсендi болуға, еңбектенуге ынталандырады деп ойлаймыз.

Осы сыйымыз арқылы, бір жағынан перзенттік парызымызды орындайық, екінші жағынан түлектерден жақсы естелік болсын әрі кенттің көркін аша түссін деп ойладық. Ерекше бір атап өтетініміз, сағатты орнатуға ешқандай демеуші тартқан жоқпыз. Ешкімнен ақша сұраған да, алған да емеспіз. Тек өзіміз бірлікпен атқардық. Сондықтан №36 мектептің 1980 жылғы түлектеріне алғыс айтамын. Туған жеріміз гүлденіп, береке-бірлігіміз арта берсін!
31 шілде 2020 ж. 1 058 0